Аптап ыстық қашан басылады?

366

0

Шіліңгір шілде басталмай-ақ аптап ыстық апшымызды қуырып барады. Қызылордалықтар аузындағы «Отан оттан да ыстық, Қызылорда онан да ыстық» деген сөз тіркесі әзіл ретінде айтылса да, Сыр елінің қазіргі күн райын айқындап тұрғаны шындық.

«Қазгидромет» РМК облыс бойынша филиалының мәліметінше, өткен аптада, яғни,  20 маусымда  облыс  орталығында ауа температурасы түнде +18+23 0С-тан +23+28 0С-қа, күндіз +30+35 0С-тан +39+44 0С-қа жоғарылаған. Ауа температурасының максималды мәні 25 маусымда, яғни, сенбі күні  +44,2 0С байқалған. Алайда тұрғындар өткен аптаның кейінгі үш күнінде ауа температурасының 50 градустан асқанын айтуда. Осы аптадағы күн райының қалай болатынын білмекке аталған мекемеге хабарласқан едік. Алдағы күндері аптап ыстық жалғаса ма әлде күн салқындай ма?

– Осы аптаға ауа райы болжамына тоқталсақ, 29 маусымда, 2-3 шілдеде облыстың солтүстігінде, орталығында жаңбыр, найзағай, дауыл күтіледі. 29-30 маусымда  орталықта, оңтүстікте, 2 шілдеде орталық, солтүстік аумақта, 3 шілдеде облыстың басым бөлігінде 15-20 м/с жел,  шаңды дауыл күтіледі. Ауа температурасы түнде +21+26 0С, облыстың солтүстігінде +18 0С-тан  +19+24 0С,  солтүстігінде +16 0С аралығында, құбылмалы, күндіз +36+41 0С-ты көрсетеді. Ал облысың солтүстігінде +37 0С.  29 маусымда +31+36 0С, облыстың оңтүстігінде +39+44 0С-қа жоғарылап, аптаның аяғына қарай +29+34 0С-қа төмендейді. Нақтырақ айтқанда, 29 маусымда облыстың оңтүстік аумақтарында +39, +44 градусты көрсетсе, 30 маусымнан бастап күндізгі ауа температурасы төмендейді. Сол күні +31+36 градус, солтүстік аумақта +28 0С-ты көрсетеді.  Аптаның аяғына қарай +29+34 градусқа төмендейді, яғни, қатты ыстық басылады, – дейді «Қазгидромет»  РМК облыс бойынша филиалының инженер-синоптик маманы Маханбет Маратов.

Синоптиктің бұл ақпараты көпшілігімізді қуантары анық.

Қатты ыстық салдарынан денсаулық та сыр беретінін білеміз. Әсіресе, балалар жағы мұздай сусын, тәтті балмұздақ жеп, үйде күндіз-түні тоқтаусыз қосылып тұрған салқындатқыш әсерінен ауырып жатса, үлкен кісілердің қан қысымы көтеріліп, мазасы қашатыны анық. Осы орайда жедел жәрдем қызметі де қарбалас күйге түсіп, қауырт жұмыс режиміне көшетіні белгілі.

Облыстық медициналық жедел жәрдем стансасына өткен аптаның кейінгі үш күнінде түскен қоңыраулар туралы сұрадық. Белгілі болғанындай, 22 маусымда 1417 қоңырау түссе, 23-інде шақыртулар саны 1464-ті құрап, 3,2 процентке өскен. Оның ішінде балалар саны 22 маусымда 510 болса, келесі күні 526-ға жетіп, 3 процентке артқан.

– Балаларға байланысты шақыртулар ішінде 1 жасқа дейінгілер өте көп. Мәселен, 22 маусымда 177, келер күні 194 болды. 24 маусымда  1420 шақырту болса, 25-інде  қоңыраулар саны 1505-ке жетті. Осының ішінде 1 жасқа дейінгі бала саны 24 маусымда 169 болса, 25-інде 204-ті құрап, 17 процентке артты. Ал 26 маусымда  түскен қоңырау саны – 1537. Оның 565-і балаларға байланысты, соның ішінде 195-і жасқа толмаған сәбилер болып отыр. Осы шақыртулар ішінде күн сәулесінің тікелей түсуі, яғни күн өту диагнозымен түскендер 23, 24 және 25 маусым күндері қатты байқалды. Үлкен кісілер арасында артериалды қан қысымымен 22 маусымда 123 шақырту болса, 23-інде 126, 24-інде 104, 25 маусымда 150, ал 26-сында 136 қоңырау түскен. Гипертониялық криз бойынша да бірқатар шақырту болды. Қоңырау саны бойынша ең көбі егде жастағы адамдар, жүкті әйелдер және балаларда тіркелді, – дейді облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы бас дәрігерінің медицина ісі жөніндегі орынбасары Ғалия Нұрсейтова. 

Өткен аптадағы ахуал осындай. Аптап ыстықта абай болайық!

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<