Ақ шынардың саясы

1488

0

М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінде қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, ғалым Мұхтар Әуезовтің 125 және драматург, сыншы, Ғабит Мүсіреповтің 120 жылдығына орай «Ана алақанының аясы – ақ шынардың саясы» атты облыстық сайыс өтті. Мақсаты – жастардың дүниетанымын кеңейтіп, шығармашылық қабілеттерін шыңдап, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру.

Ережеге сай қатысушылар 2 кезең бойынша бақ сынады. 1-кезеңде әр топ өзін таныстырса, 2-кезеңде Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсірепов шығармаларындағы аналар бейнесін көрсету арқылы көрініс ұйымдастырды.

Қатысушыларға С.Майқанова  атындағы  мәдениет  үйі «Бастаңғы» аналар клубының жетекшісі Шамшырақ Көрпешова, облыстық тарихи-өлкетану музейінің мәдени ұйымдастыру маманы Мөлдір Аманбекова және Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері Изанелия Ақтай төрелік етті.

Сайыста Қызылорда медициналық, «Орда» жоғары колледждері және М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжі Ғ.Мүсіреповтің «Өлімді жеңген ана» шығармасын сахналады. Шығармада баласын жанталаса іздеген ананың жолында кездескен қиындыққа қарсы тұрып, мақсатына жететіні баяндалады. Шығарма атауы да осыған байланысты. Сайыс қатысушылары  актерлік шеберлік көрсетіп, көрермендерді таңғалдырды.

Келесі кезекте Қызылорда гуманитарлық-экономикалық колледжі «Ашынған ана», Қызылорда «Болашақ» университетінің, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледждері Ғ.Мүсіреповтің «Ананың анасы» атты шығармасын сомдап, көпшілік назарына ұсынды. Ал «Авиценна» медициналық колледжінің студенттері М.Әуезовтің «Қаракөз» трагедиясын сахналап, көрермен жанын тебірентті. Сайыскерлердің өнерін тамашалағандар жылы лебіздерін білдірді.

Соңында қазылар алқасы сайыс нәтижесін жариялап, жеңімпаздарды марапаттады. Бірінші орын «Болашақ» университетінің жоғары колледжіне бұйырды. Екінші орынды «Орда» жоғары колледжі иеленсе, үшінші орынды И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық колледжі алды. Барлық қатысушылар Алғыс хатпен, 3 студент арнайы номинациямен марапатталды.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<