«Ақсуатқа» газ берілді

465

0

«Бұл күнді ұзақ күттік»

«Ақсуат» ауылында ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Бірнеше жылдан бері көтеріліп келетін мәселеге нүкте қойылып, елді мекен халқына газ берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде дамыту. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек» деген болатын. Өткен жылы 14 газдандыру жобасын жүзеге асыруға 8,7 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде 6 ауылды газға қостық. Осылайша өңірдің газдандыру деңгейі 70 пайызға жетті. Биылға республикалық бюджеттен 7,4 млрд теңге бөлініп, 2022 жылы  басталған 7 жоба жалғастырылады. Оған қоса 12 жаңа жобаның құрылысы басталады. Оның ішінде, «Қосшыңырау» ауылдық округінің «Абай», «Досан» елді мекендеріне де газ жеткізу жобалары бар. Демеушілердің қаржы көздерінен 100 млн теңгеге «Сабалақ» саяжайына табиғи газ желісін тартудың жоба-сметалық құжаттары әзірленуде, – деді аймақ басшысы.

Ауыл тұрғыны, зейнеткер Сейітқасым Тәуірбаевтың үйіне табиғи газ қосу рәсіміне облыс әкімі және келген қонақтар куә болды. Бұл күнді ұзақ күткен Сейітқасым ағаның жұбайы Тазагүл апа енді от жағудан қолы босап, бір жұмысы жеңілдегеніне қуанады.

–    Бұл күнді ұзақ күттік. Биыл міне, сәті түсіп, табиғи газ үйімізге кірді. Үй жылы болса, береке де, бірлік те болады. Бұрын көмір тасып, отын түсіріп қыс қамына ерте кірісетін едік. Енді біздің де қолымыз босап, асханамызда «көгілдір отынның» маздап тұрғанына қуаныштымыз, – дейді Тазагүл Күнтуғанова.

Шара барысында тұрғындарды қоғам қайраткері Айтбай Көшербаев пен ауыл ақсақалы, қоғамдық кеңестің төрағасы Өмірсерік Әбуов құттықтады. Одан кейін облыс әкімі ауыл халқының ұсыныс-тілектерін тыңдап, көтерілген мәселелеріне жауап берді.

Ауылдық округті газдандыруға республикалық және жергілікті бюджеттен 4,9 млрд теңге бөлінген,  бұл жұмыстарды мердігер мекеме «Алия Сервис» ЖШС жасап шықты. Енді бұдан кейінгі газдың қысымына, оның жеткізілуіне «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы жауапты. Филиал директорының міндетін атқарушы Жайық Әлішевтің айтуынша, елді мекенде жоба бойынша 4321 жеке тұрғын үйді «көгілдір отынмен» үздіксіз қамтамасыз етуге болады.

–    Қызылорда қаласына іргелес орналасқан «Ақсуат» елді мекенін газдандыру аясында жоғары қысымды газ құбырынан ұзындығы 16,4 шақырым орта қысымды 9,6 шақырым, төмен қысымды 143,3 шақырым құрайтын газ құбыры тартылып, 1 ГРП (газ тарату пункті), 12 ШГРП (шкафтық газ тарату пункті) салынды. Сонымен қатар, аталған жобамен қолданыстағы АГТС-1 «Қызылорда» қуатын 115 мың м3/сағатқа арттыру қарастырылған. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы облыста 127,5 мыңнан  астам тұтынушыны, 2436 коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорын мен 218 ірі кәсіпорынды газбен қамтамасыз етіп отыр. Әр жыл сайын облыс бойынша 6 мыңнан астам абоненттің үйіне газ кіргізілуде, – деді Жайық Әлішев.

Қала іргесіндегі «Ақсуатқа» кейінгі кезде қоныс аударушылар көп. Жылдан-жылға халықтың саны артып келетін ауылдың перспиктивалық дамуы үшін мол мүмкіндіктер жасалуда. Мұнда 10 мыңнан астам тұрғын бар.

Әйгілі автобан бойында орналасқандықтан, болашағы жарқын ауылда енді түрлі жобалар жүзеге асып, шағын кәсіпкерлік те өркендейді. Жалпы ауылда 400-ден астам кәсіпкер тіркеліп, кәсібін дөңгелентіп отырса, жыл басынан бері тағы 82 адам кәсіппен айналысуға бел байлапты. «Бір ауылға – бір жылыжай» жобасы аясында «Шапағат» жеке кәсіпкерлігі «Өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы 7 млн теңге несие алып, жұмыс жасауда. Сонымен бірге, «NP-Consulting» ЖШС құрылысшыларға арналған каска өнімі мен 19 литрлік ауызсу ыдысына арналған қақпақша шығаратын шағын цех жұмысы жанданып келеді.

Ақсуаттың инфрақұрылымын дамыту үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен, қазір 79,9 млн теңгеге 3 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, 5 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Ұлттық қордан 350,9 млн теңге қаралған. Сондай-ақ, жаңадан қоныстанушылар тұратын 32 көшеге электр желілерін жүргізу үшін жоба- сметалық құжаттар әзірленіп, 1 млрд теңге бөлу жөнінде республикалық бюджетке өтінім ұсынылған.

Инфрақұрылым жақсарып келеді

Мұнан кейін аймақ басшысы «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы су жинағыш құрылғының жұмысымен танысты.

Нысан құрылысы 2022 жылдың тамыз айында басталып, биыл сәуір айында аяқталған. Мұнда тереңдігі 440 метр 7 ұңғыма мен 3 резервуар бар. Құрылғының қуаттылығы 7200 текше метр. Жұмысты жүргізген мердігер мекеме – «Сәт сервис». Жасыратыны жоқ, жаз шықса бізде ауызсу мәселесі қылаң беріп, оның қысымы көңіл көншітпейтін еді. Енді мұнан былай «Бәйтерек», «Шанхай», «Кби» тұрғын аудандарындағы жеке тұрғын үйлерді тұрақты қысымды, сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады.

Аймақ басшысы тұрғындармен кездесіп, олардың ұсынысына құлақ түріп, сауалдарына жауап берді.

Бәйтерек шағын ауданында 6 мыңға жуық тұрғын қоныстанып, 1889 үй орналасқан. Оларға барлық қолайлы жағдайлар жасалуда. Мектеп, балабақша, теміржол өткелі салынып, жылдан-жылға саны артып келетін ауданда қызу тіршілік байқалады. Айталық, биылдың өзінде бірнеше шақырымға жол төселіп, құрылыс жұмыстарының қарқыны артуда. Мәселен, ұзындығы 11,8 шақырым болатын 7 көшеге асфальт төсеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 430 млн теңге бөлініп, мердігер мекеме «Қызылорда жолдары» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізген. «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін автомобиль көпірінің құрылысы үшін республикалық және облыстық бюджеттен 384,7 млн теңге бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында 2024-2025 жылдары 600 орындық мектеп құрылысын салу да көзделуде. Ал өткен жылы қалалық бюджеттен 8,4 млн теңге бөлініп, аталған тұрғын аудандағы инфрақұрылымы жүргізілмей қалған жеке секторларға ауызсу және газ желілерін жүргізу құрылыс жұмыстарына жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Осы жоба аясында қамтылмай қалған 1534 тұрғын үйге 13,2 шақырым ауызсу және 10 шақырым газ желісін жүргізу үшін жалпы құны 450,5 млн теңге болатын өтінім республикалық бюджетке жолданған.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

 «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<