Ұлттық ғұрып ізгілікке шақырады

515

0

Облыстық дін істері басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығы облыстық ардагерлер кеңесімен бірлесіп, «Ардагерлер – ұлттың темірқазығы, салт-дәстүрдің қамқоршысы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Жиында басқарма басшысы Бауыржан Хамзаев  басқосуға арқау болып отырған тақырып салт-дәстүріміздің елдің тыныштығы мен тұрақтылығын, берекесі мен бірлігін қалыптастыруға ықпалы зор екенін атап өтті. Осы орайда жастарды ата-бабамыздан жеткен тәлім-тәрбиеге баулып, әдет-ғұрыпты бойына сіңіруде ардагерлердің айрықша қолдауы қажеттігіне тоқталды. 

Жиын барысында күнделікті тіршілік қалыбымен астасып кеткен діни шарттар мен салт-дәстүрлердің шығу тарихы және түпкі мағынасы жайлы айтылды. «Халық айтса, қалт айтпайды» дегендей, байыптап қарасақ, әрбір салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйымның астарында салмақты бір себеп-салдар бар болып шығады. Осы тұрғыда қазыналы қариялар, білікті сала мамандары салт-дәстүрдің озығы мен тозығын саралап түсіндірді. Айта кетейік, «тозығы» дейтініміз – бүгінгі өркениет дәуірінде өз-өзінен қолданыстан шығып қалған әдет-ғұрыптар.

Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Шәменовтің осы тақырып аясында жасаған баяндамасы өте мазмұнды болды. Онда қазақтың жеті атасын жаттап, сол арқылы жекжаттық заңдылығын сақтайтыны, ал оның ар жағында адам бойындағы тектің, қанның тазалығы сынды өте үлкен мәселе жатқаны айтылды. Қазақ отбасындағы қарияларға деген құрметтің жоғары екені, яғни, баланың ата-ана алдындағы парызы туралы сөз қозғалып, сондай-ақ, ата-әженің тәлім-тәрбиесін алған баланың иманды, ізетті, кішіпейіл болып өсетінін де көпшілік құптады.

«Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы Болатбек Ұласқанұлы шариғат ұғымына сай тағылымды әңгімесін айта келіп, адам баласы ата-ананың разылығын алмай, Алланың рахымына бөлену мүмкін емес деген аталы сөзді алға тартты. Сөзін қорытындылай келіп, халқымыздың қандай бір салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы болсын, мәдениеттің мәйегіне тұнып тұрғанын атап өтті. «Сыр дидары» газетінің редакторы Сәкен Алдашбаев әдет-ғұрып, ырым-тыйымға қатысты ой-пікірін бөлісті.

Жиынға қатысқан ардагерлер атынан Жақай Бодықбаев, Нұрлыбай Ұлықпанұлы, Жүзбай Таңырықбаев сөз сөйлеп, алдағы атқарылатын жұмыстарға байланысты ақыл-кеңестерін қосты.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<