Құрылтай

Ақылы жолдардың абонементі белгіленді

3

0

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ақылы автомобиль жолдарында жүруге арналған айлық және жылдық абонементтердің бағасын, сондай-ақ оларды рәсімдеу тәртібін жариялады, – деп хабарлайды Egemen.kz.

Абонементтерді ақылы жол учас­кесіне жақын орналасқан аудандарда тіркелген көлік иелері ғана сатып ала алады. Бұл ретте көлік құралының ақылы жолдар бойынша берешегі болмауы қажет. Көлік иесінің тіркелген мекенжайы Ішкі істер министрлігінің ақпараттық базасы арқылы тексеріледі.

Жеңіл автокөліктер үшін тек жылдық абонемент қарастырылған, оның құны – 1 АЕК яғни, 4 325 теңге. 30 күнге жарамды айлық абонементтің бағасы көлік түріне байланысты белгіленген.

Еске сала кетейік, елімізде 10 шілдеден бастап «Қарағанды-Балқаш-Бурылбайтал», «Бурылбайтал-Құрты» және «Талдықорған-Өскемен» бағыт­та­рында ақылы жол жүйесі іске қосылды. Сондай-ақ ІІМ 10 шілдеден бастап 525 шақырым болатын бес учаскеде – «Ақтөбе-Қандыағаш», «Алматы-Қор­ғас», «Көкшетау-Петропавл», «Ас­­тана-Теміртау» және «Астана-Щу­чинск» автожолдарының қосымша учас­­­келерінде орташа жылдамдықты ба­қылау жүйесі іске қосылғанын хабар­лады.

Сарымай өндірісі артты

Республикада майлылығы 85%-дан аспайтын 13,8 мың тонна сарымай өндірілді. Сарымай мен күнбағыс майы өндірісінің тұрақты өсімі байқалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Сыртқы сауда көрсеткіштері де оң динамика көрсетті: өнімнің екі санаты бойынша экспорт көлемі ұлғайып, бұл отандық қайта өңдеу өнеркәсібі әлеуе­тінің артып келе жатқанын айғақ­тайды.

Сарымай экспорты 40,4% өсті. 2026 жылғы қаңтар-сәуір аралығында шетелге 394,1 тонна өнім экспортталды. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі 280,7 тоннамен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Негізгі экспорттық нарықтар – Ресей, Моңғолия, Қырғызстан және Беларусь.

Сарымай импорты 2242,2 тонна, ішкі нарықтағы импорттық өнімнің үлесі 13,9% болды. Негізгі жеткізушілер – Беларусь пен Иран.

Салық саясатының жаңа кезеңі

Жаңа Салық және Бюджет кодекстері күшіне еніп, салық саясатының жаңа кезеңі басталды. Реформа экономиканың нақты секторын қолдауға, салық жүктемесін әділ бөлуге және көлеңкелі экономиканы қысқартуға бағытталған, – деп хабарлайды Kazinform.

Жаңа салық саясаты алғашқы нәтижелерін көрсете бастады. Бірінші жартыжылдықта мемлекеттік бюджет кірістері өткен жылдың сәйкес кезеңі­мен салыстырғанда шамамен 16%-ға өсті. Бұл өсімге қосылған құн салығы (ҚҚС) түсімдерінің шамамен бір жарым есеге артуы елеулі үлес қосты.

Жаңа кодекс аясында жеке табыс салығының прогрессивті мөлшерлемесі енгізілді. Жылдық табысы 8,5 мың АЕК-тен немесе 36,7 млн теңгеден асатын азаматтар осы сомадан жоғары кіріс бөлігіне ғана 15% мөлшерлемемен салық төлейді. Ал қалған азаматтар үшін салық мөлшерлемесі өзгеріссіз сақталды.