Ақысы төленбеген көрпелер

950

0

1942 жылы эвакуацияда жүргенімізде әкем қайтыс болды. Мен басымнан қиын күндерді кештім. Өмірден күдер үздім. Сол кезде әкемнің ұжымы мені өздерімен бірге гастрольге әкетуге көндірді. Олар мені құтқарғысы келді. Қақаған қыста, аштық жайлаған заманда Орскіге аттандық.

Мен арқама нөмірі сегізінші виолончельді асып алғанмын. Біз алты адам едік. Бәрінің аты есімде. Солист – Ольга Николаевна Головина, пианист, аккомпаниатор – Изя Рубаненко, тенор – Борис Осипович Гефт, ол содан кейін менің қамқоршым болды, Коля Соколов пен Светлана Шейн – балет билейтін жұп, еңбегі сіңген әртістер. Және мен. Пойызға отырдық. Вагонның іші азынап тұр.

Ымырт үйірілгенде отырғандықтан, бәрі бірден ұйықтамақшы болды. Вагонның жарығын тез өшірді. Қасымдағылар барлық қалың киімдерін кие бастады. Себебі бізге берген көрпелер тым жұқа еді.Менің киетін киімім жоқ. Үстіме киіп алғаным да қыстық киім емес еді. Көрпемді басыма бүркеп жамылдым да, неде болса ұйықтап кетуге тырыстым. Түк жылына алмадым. Аяз сақылдап тұр. Вагон суық. Түн. Артымда қайтыс болған әке, алдым бұлыңғыр, мен болсам жеті түнде түсініксіз бір жаққа кетіп барам.

Ешкімге керегі жоқ адаммын. Ұйықтап кетіп өліп қалсам, қандай жақсы болар еді деп ойлағаным есімде. Сосын суыққа қарсыласпай жата бердім. Көзім ілініп кетіпті. Әлі қараңғы. Бірақ ыстықтап ояндым. Үстімдегі көрпем ауыр әрі жып-жылы боп кеткендей. Түн ішінде үстіме жабылған көрпелерді саусақпен санамалап шықтым. Үстімде алты көрпе жатыр. Жолаушыларымның бәрі бір-бірімен ақылдаспастан өз көрпелерін менің үстіме жауып кетіпті. Кейін, мені азаматтықтан айырған кезде, неге қарсы шықпайсың деген достарыма: «мен алты көрпенің ақысын әлі төлемедім» деп жауап бердім. Бәлкім, ешқашан төлеп бере алмаспын.

Сол бес әртіс, әкем, солар сияқты көптеген мейірімді жандар мені қал-қадірінше жылытуға тырысқан еді. Менің елім – солар. Олардың алдында әлі де қарыздармын.

Мстислав Ростропович,

Аударған Шынар Әбілда

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<