«Ақжармада» күрішке орақ түсті

441

0

Сырдария ауданындағы іргелі шаруашылықтың бірі  «Ақжарма-2» шаруа қожалығының егініне орақ түсті. Науқанның  басталуына арналған іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев, шаруашылық төрағасы М.Бисенов және еңбек ардагерлері қатысты.

«Ақжарма-2» шаруашылығы биыл 1172 гектар жерге күріш, 120 гектарға бидай егіп, 162 гектар ескі жоңышқаны күтімге алған.

Жалпы аудан бойынша егілген егін көлемі өткен жылмен салыстырғанда 8,8 пайызға артық. Атап айтқанда, 36043 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары, оның ішінде 23811 гектарға күріш, 12232 гектарға басқа дақылдар егілді.

– Биыл өңірде 193,4 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде дәнді дақылдар 99,9 мың гектар, майлы дақылдар 4,5 мың, малазықтық дақылдар 69,2 мың, картоп, көкөніс, бақша 19,8 мың гектарға орналастырылды. Егін көлемін әртараптандыру бағытында 1192 гектарға жүгері, 1447 гектарға сүрлем жүгері, 179 гектарға күнбағыс, 64 гектарға соя дақылы, 5 гектарға қант қызылшасы, 195 гектарға қант құмайы, су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы 872,5 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Сонымен қатар, 4239 ауыл шаруашылығы техникасы жөндеуден өткізіліп, егін жинау жұмыстарына қатысуда, – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Күзгі егін жинау жұмыстарына мемлекет тарапынан 9,1 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.

Сыр күріші қазанның онына дейін қамбаға құйылмақ.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<