Ардагерлер Арыстанбаб пен Отырарға барды

588

0

Аймақ басшысының қолдауымен облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен 25 қазан Республика күніне орай және қарттарды әлеуметтік қолдау айлығы аясында 30-дан аса еңбек ардагерлері Арыстанбабқа зиярат етіп, көне Отырар қалашығына сапарлап қайтты. Ардагерлерден құралған топты облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Мақсұт Баекеев бастап барды.

Топ басшысы Мақсұт Баекеев:

– Қазақ қашанда әулиелер мен әмбиелерді, даналар мен данышпандарды айрықша құрмет тұтқан. Біздің Сыр бойында Алланың шапағатына бөленген мүридтер мен пірлер мекені көптеп саналады. Біздер бүгін Бабтардың бабы атанған Арыстанбаб бабамыздың басына барып дұға етіп, көне Отырар қалашығын көретін боламыз,– деп ардагерлердің саяхат-сапарына ақжол тіледі.   

Сондай-ақ, Қорқыт ата атындағы университетінің дәріскері Ш. Күнқожаева  жол үсті Арыстанбаб әулие жайлы деректер мен ескі Отырар қалашығының тарихы туралы ардагерлерге баян етті.

Бұл сапарға разы болған еңбек ардагерлері Сыр елінің басшы азаматтары мен облыстық ардагерлер кеңесіне зор алғыстарын білдіріп,  аймақтағы барша ардагерлерді Республика күні мерекесімен құттықтап, ел-жұрттың амандығын тіледі.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<