Ардагерлер ағаш екті

376

0

Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің алқасы жаңашыл бастама көтерді. «Әр адам өзі тұрған мекенінің көркею-көгалдандыруына қолдан келгенше атсалысуы керек. Қол күші келмей жатса, сөз жәрдем берсін. Болмаса бата беріп, демеп отырса да бұл кейінгі ұрпаққа өнеге болады» дейді олар. Мұны іс жүзінде дәлелдеу үшін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ҚР Мәдениет қайраткері Өркен Исмайлдың өзі бас болып, көшет отырғызуға шықты.

Ардагерлерге кент әкімшілігі Қызылорда жақтан келетін аспалы көпір маңынан бір гектардан астам жерді белгілеген екен, міне осы аймаққа үлкендеріміз 400 түп саялы ағаш отырғызып, оны өздері күтімге алды. Алғашқы көшет отырғызу жұмысына ауылдық ардагерлер кеңесінің төрғалары бастап келген қариялар өз қолдарымен шыбық шаншыса, Сейтқан Тұрысбеков, Тұрмат Баймағанбетов, Әділхан Бектегенов, Қуандық Әлтаев сынды ақсақалдар игілікті іске тілектестік білдірді.

– Біз бұл бастамамыз арқылы өзіміздің сүйікті Шиеліміздің көркеюіне үлес қосқымыз келді. Зейнетке шыққан ардагерлердің көбісі 40-50 жыл қоғамға еңбек сіңірген адамдар. Денсаулығы жараса, әлі де қарап отыра алмайды, жастарға ақыл айтумен қатар елді мекеннің тазалығы, көркеюіне өз үлестерін қосуға асық. Бұл жер қариялардың демалатын және түрлі шаралар өткізілетін игілікті орны болмақ. Аудан әкімі Нұржан Ахатов қолдап, көмек беруге әзір екенін білдірді. Сондай-ақ, кент әкімшілігі де жәрдем беріп жатыр. Аманкелді Шерәліұлы бас болып, құдық қазғызып берді. Қазір көшеттерді суғара бастадық, – дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Көшет отырғызуға тәжірибелі бағбан, 21-разъезд арагерлер кеңесінің төрағасы Әлияр Сейітов пен кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбетов басшылық жасаса, Басаман Пірімбет, Әбділда Ыбырай, Жылқайдар Машрапин, Зағира Мұқамбетова, Сейтмағанбет Жұманазаров сынды ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары ауыл адамдарын да көмекке алып келіпті. Сондай-ақ, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Найла Әбілқасымқызы, ардагер-ұстаз Айжамал Әбдіхамитқызы бастаған әйел-аналар да бұл жұмысқа белсене үлес қосты.

Алды сексеннен асқан ардагерлер осылайша туған өлкенің көркеюіне өз күштерімен еңбек етіп жатыр. Осы бастама әрбір ауылда, әрбір мекемеде жалғасып жатса құба-құп емес пе?!

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.

Шиелі ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<