Ардагерлердің алғысы шексіз

308

0

«Ойдан ой туады, ойламасаң, сөз қайдан туады» дегендей, көзбен көргенімді, жақсылардың жақсы істерін көпшілік қауымға «Сыр бойы» газеті арқылы білдіре отырып, ел азаматтарына алғысымды айтуды жөн көрдім.

«Қариясын қадірлеген ел азбайды» деген. Астананың 20 жылдығына орай, Арал мен Қазалы аудандарындағы алдыңғы буын өкілдері үшін саяхат ұйымдастырған облыс басшылығына және облыстық ардагерлер кеңесіне алғысымыз шексіз.

Күздің жайма-шуақ күндерінің бірінде Арал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кішкене Айбосынов Астананың 20 жылдығына байланыс­ты елорданы көруге ауданнан бір топ ардагерлер баратындығын, Қызылорда теміржол вокзалында жиналып, бірге жүретіндігіміз туралы хабарлады.

Теміржол вокзалында облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күлай Ермағанбетова: «Осы істердің бірден-бір ұйытқысы болған Сейілбек Шаухаманов ағамыз еді. Жолдарыңыз болсын, аман-сау, жақсы көңілмен елге оралыңыздар» деп шығарып салды.

Белгіленген вагонға мініп, купеге орналасқаннан кейін, бізге орта бойлы қыз келіп, өзін облыстық ардагерлер кеңесінің менеджері Сандуғаш Оспанқызы деп таныстырды. Біздерге жауапты қызмет жасайтынын айта келіп, қасындағы жігіттерді таныстыра бастады. Біздің сапарға жыршы-термеші, журналист, видеоператор мен дәрігер қосылыпты. Әрқайсысының міндеті белгіленіп берілген. Сандуғаш біздің жолдан тамақ алып ішпеуімізді өтініп, қазы-қарта, айран, түрлі сусындар, шай, жеміс-жидектерді әрбір ардагерге жеткілікті етіп таратып берді. Шынын айту керек, біз мұндай құрметті күтпегенбіз. Қызмет жасаған балаларға «Алланың нұры жаусын сіздерге, келешектерің келісті, еңбектерің жемісті» болсын деп бата бердік. 

Әр купедегі ардагерлер жолда кездескен киелі жерлердің шежіре-тарихтарын білгенінше айта отырып, жыр-термелерді тыңдап, күн мен түннің қалай өткенін білмей, шаршамай-шалдықпай елордаға жақсы жеттік. Қонақүйге жайғасып, әлденіп алғаннан кейін Астананың орталық мешітінен бас­тап аралай бастадық. «Бәйтерек», «ЭКСПО-2017», орталық музей, «Думан» ойын-сауық орталығын, Қызылорда облысының Астананың 20 жылдығына тартуы – ғарыш айлағын көріп бір жасап қалдық. Есіл бойын жағалай бой көтерген биік үйлер, мекемелер, әртүрлі ғимараттар алыстан көз тартады.

Музейдегі жәдігерлер бізге өткеннің әр сәті келешек үшін құнды екендігін ұқтырды. Елбасы бастамасымен жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы кешегінің өнегесі ұлықтала берерін ойлағанда көңіліміз шарықтады.

Сердалы ШАЛБАЕВ,

Арал ауданы Жаңақұрылыс 

ауылдық ардагерлер 

кеңесінің төрағасы, КСРО 

Денсаулық сақтау 

саласының үздігі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<