Ас беруде шектен аспау керек

1317

0

Бейсенбіде А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Ас беру мәдениеті» тақырыбымен Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген мәжілісі өтті. Жиын облыстық ардагерлер кеңесі мен ҚМДБ-ның жергілікті өкілдігі бірлесе қабылдаған үндеу төңірегінде өрбіді.

Қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев ас берудің түпкі мәні марқұмның рухына құрмет көрсету, дұға бағыштау және сауап жинау болғанымен аста-төк дүниелер көбейгенін сынға алды.

– Ас беру кезінде шамадан тыс шығынға, ысырапшылдыққа жол беріледі. Мұндай жағдайлар бұл шараның рухани мәнін төмендетіп, материалдық жарысқа айналдырып жібереді. Қарыз алып, құдайы ас беретіндер бар. Кейін қарыздан құтылу үшін қиналады. 2020 жылы ҚМДБ «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті» атты ортақ анықтама кітапшасын шығарды. Мұнда ас беру тәртібі, жаңаша сипат алған дәстүрлерге жол бермеу туралы жазылған. Зират салу мен зиярат етудің де тәртібі белгіленген. Бірақ көпшілік мұны біле бермейді, – деді ол.

Жоғарыда біз айтқан үндеу ысырапшылдықты тыю мақсатында жарияланған болатын. Бұл өңірімізде ас беру мәдениетін қалыптастырып, әр нәрсені өз нормасынан асырмауға үндейді. Жиында сөз сөйлегендер құдайы ас дастарқанын бекітілген жеті түрлі дәммен шектеу, қонақасы алыстан келген туыстарға арнап берілу керегіне, тәбәрік, жыртыс таратудың құр шашылу екеніне тоқталды.

– Қаралы үйдің тұрмысы ауыр немесе төмен болса, ол отбасының одан сайын қарызға батып ас беруі дұрыс емес. Сонымен қатар мәйітті бірнеше күн жерлемей жатқызып қойып, тек қана қонақ күтудің қамымен жүру – күнә. Ең әуелі марқұмның денесін жуындыру, кебіндеу, жаназасын шығару және жерлеу – мұсылманның мойнындағы кезек күттірмейтін негізгі міндет. Дінімізде қарызданып немесе онсыз да өзіне жетпей жатқан қаражат есебінен мал сойып, садақа беру туралы үкім жоқ. Бұл рұқсат етілген амалдар қатарында. Біз кейде шариғаттағы осындай амалдарды міндет ретінде жүктеп аламыз да оны орындамасақ, күнәға бататындай боламыз, – дейді Қызылорда қаласының бас имамы Берік Сүлейменов.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шәкизат Төребаев рухани құндылықтардың бұзылуы, қоғамдық сана тәрбиесі, ысырапшылдықтың салдары туралы сөз қозғады.

– Жуырда облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде құдайы ас дастарқанына қойылатын дәм тізімін жетеуден асырмау жөнінде талап қойылды. Ас өткізетін орындардың иелері талаппен танысып, қазіргі күні жүзеге асырыла бастады. Игі бастаманы бәріміз қолдайық. Сонда ғана бұл мәселе тәртіпке келеді, – дейді ол.

Тасбөгет кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамазан Молдашев әлеуметтік теңсіздікті жою бағытында әңгіме өрбітті.

– Бір бөлмеде дүниеден өткен адамның жақын-жуығы жылап-сықтап отырса, келесі бөлмеде жиналып алып тамақ ішіп отыратынымыз жасырын емес. Сол жерде әзіл айтып, күліп те үлгереміз. Қазақтың тамақ пен күлкіні арсыз деуі осыдан шығар, – деді ардагер.

Дәстүр мен дін үйлесімі жайы тарқатқан қалалық «Айтбай» мешітінің бас имамы Асхат Асқаров марқұмның атынан қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға көмек көрсету ең сауапты амалдардың бірі екеніне тоқталды. Қазақ дәстүріндегі қарапайымдық пен ислам талаптарын үйлестіре білгенде ғана ысырапшылдықтан сақтануға болатынын тілге тиек етті.

Жиын қорытындысында қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев үндеуді халық арасында кеңінен насихаттау кезек күттірмейтінін, әрбір азамат дәстүрдің шынайы мақсатына назар аударуы қажет екенін жеткізді.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<