Асқақ рухпен астасқан адами болмыс

1082

0

Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында Қазақстан және КСРО Халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің 85 жасқа толуына арналған мерекелік жиын өтті. Онда актердің өмір жолын арқау еткен «Тағдыр тақтасы» спектаклі қойылды. Актердің шәкірттерінен құралған «Жаңа ғасыр» театры сахналаған қойылым көрермен көңілін теңіздей толқытты.

Тағдырдың небір сынағына төтеп бергенімен, әрбір сәтінде аласапыран күй кешетін актердің жан дүниесіндегі жанталас ойыңды ойран етіп, көңіліңді ауыр мұң басады. «Неге?» деген сұраққа жауап таппай дал болып отырғаныңда, соның бәрін жеңіп шыққан кейіпкердің бойындағы өрлік пен өмірге деген құштарлық еріксіз қайран қалдырады. Иә, ол қуанған сәтінде жарық дүниеге құшағын айқара ашып, ал жабырқаулы кезінде жақын жандарының рухымен сырласып, жүрегінің дертіне дауа тапқандай болады…

Мерекелік жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аңыз актер, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовке Сыр жұртшылығы атынан құттықтау лебізін білдірді:

– Құрметті Асанәлі Әшімұлы! Әлемге танылған өзіңіздей дарабоз өнер иесін Сыр елі өз перзентіндей құрметтейді. Бүгін өңірімізге ат басын бұруыңыз барша сырбойылықтарға үлкен қуаныш алып келгені сөзсіз.

Қазақ кино әлемінде көптеген күрделі бейнелерді асқан шеберлікпен сомдағаныңызды ел жақсы біледі. Олардың қатарында М.Әуезовтің «Абай» романындағы Керім, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы көрпеш – Баян сұлу» қойылымындағы Қодар, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен теріндегі» Еламан, Шекспирдің «Юлий Цезарь» пьесасындағы Цезарь секілді күрделі рольдеріңізді айтуға болады. Тіпті  «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Сіз кімсіз, Ка мырза?», «Шоқан Уәлиханов» секілді атақты фильмдердегі әр сөзіңізді көрермен жатқа біледі десем, артық айтпаған болармын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Сізді аса көрнекті актер ретінде КСРО ғана емес, бүкіләлемдік кинематография қауымдастығы мойындады» деген болатын.

Құрметті Асанәлі Әшімұлы, сіз тума талантыңызбен, кәсіби шеберлікпен сомдаған рольдеріңізбен екі дәуір ұрпағының сүйікті актері ғана емес, ұлағатты ұстазы да бола білдіңіз. Барша Сыр жұртшылығы атынан мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сізге зор денсаулық, отбасыңызға бақ-береке, амандық тілеймін! – деді Н.Нәлібаев.

Облыс басшысы мерейтой иесіне облыстың ең жоғары марапаты – Қызылорда облысының құрмет грамотасын табыстап, иығына шапан жапты.

Салтанатты кеште Асанәлі Әшімов Ж.Ерманның сөзіне жазылған А.Қоразбаевтың «Жан балам» әнін орындап, көңіл күйін бөлісті. Сыр халқының ыстық ықыласына ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

– Қазақ болып туғаныма қуанамын, әсіресе, оның өнерін қуғаныма қуанамын. Сахнада, экранда жалынды фильмдер жасап, өмірге қайта туа аламын. Қазағымның кең байтақ жеріне қуанамын, пәс көңілімді таза ауамен суарамын. Басыма қанша қайғы-қасірет, мұң түспесін, белімді қайта буа аламын, – деп шумақтап бастаған актер сөзін әрі қарай сабақтады:

–Қымбатты халқым, бұл өңір маған етене таныс. Бұл өңір – 1926 жылы  қазақтың алғашқы қарашаңырағы болған жер. Бұл өңір – ұлы Қорқыт атаның мазараты жатқан жер. Киелі мекен, өнердің, руханияттың ошағы. Талай дарынды дүниеге әкелген жер. Қазақ өнеріндегі ұлы актриса Сәбира Майқанованың туған жері. Ұлыларыңызды ұлықтаңыздар. Ыстық ықыластарыңызға мың алғыс! – деді Асанәлі Әшімұлы.

Енді қойылым жайында бірер сөз, өмір тосынсыйларға толы, алғашында агроном болуға бел буған жас жігіт айналасындағы жақсы-жайсаң жандардың ақыл-кеңесімен өнер жолына түсіп, актер болып шығады. Кезекті бір кейіпкерін сомдау кезінде:

– Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы,

Танимысың сен мені, мен – қазақтың баласы!

– деп тау-тасты жаңғырта айғай салады. Иә, осылайша ол тәкаппар дүниені өзінің табандылығымен тәнті етті. Тағы бірде терең сағыныш жүрегін сыздатып:

– Мен ән естімегелі көп болды, анамның әнін, Майраның әнін…– деп кейіпкердің көңілі шарқ ұрады. Сондай кезде:

…Керең болып қалса да әлем мейлі,

Махаббат мәңгі екенін дәлелдеймін, – деп өз-өзіне серт береді. Асқақ рухты актер  осылайша еңсесін басқан сан алуан қиындықты серпіп тастап, адами өмірдегі асыл мұратына қол жеткізеді.

«Тағдыр тақтасы» спектакліндегі басты кейіпкер А.Әшімовтің ролін сомдаған жас актер Қуаныш Құдайбергеннің пікірін білген едік.

– Аңыз адамның ролін ойнау – өте үлкен жауапкершілік. Бірақ мен бұл жерде Асанәлі ағамызды емес, актердің ролін ойнадым деп ойлаймын. Кейіпкердің кейпіне еніп, сезімін, тебіренісін барынша жеткізуге тырыстым. Қолымнан келді ме, келмеді ме, бағасын көрермен берер. Десек те, алдағы уақытта бұл қойылымды одан әрі шыңдай түсіп, талғамы биік көрерменнің жүрегіне жол табатындай дүниеге айналдырамыз деп айтқым келеді.

«Тағдыр тақтасы» спектаклі ең алғаш А.Әшімовтің туған жері – Таразда, одан кейін Шымкент, Түркістан қаласында қойылды. Енді міне, киелі Сыр елінде сахналанды. Әрине, аңыз адамның болмысын таныту бір ғана қойылыммен шектелмейді. Бұл күнде ол кісі туралы том-том кітаптар жазылып, кино әлемінде және драмалық жанрда түрлі туындылар жасалып жатыр. Бұл қойылым – соның бір парасы ғана, – дейді ол.

Белгілі ақын Бақыт Беделханның шығармасы бойынша сахналанған спектакльдің қоюшы режиссері – М.Әуезов  атындағы қазақ ұлттық драма  театрының режиссері Жұлдызбек Жұманбаев.

«Мың өліп, мың тірілер актер еңбегін сөз қылғанда, есіңе еріксіз түсер танымал есім, таңғаларлық есім – Асанәлі. Қай құрлыққа, қай ұлтқа көрсетсеңіз де, қысылмай-қымтырылмай арқасүйер өнерпаз ұлың Асекеңдей болса, әрқалай-ақ асқақтай бергейсің, халқым, қазағым!» деген екен қазақтың белгілі жазушысы Оралхан Бөкей.

Айтса айтқандай, өнер дейтін аламанда қазақтай халқын әлемге танытқан тағдырлы да талантты актерге қашан да халқының құрметі шексіз.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<