«Атамекен» экспедициясының сапары

1078

0

Еліміздің бас басылымы – «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеті бірнеше күннен бері барлық аймақты қамтитын экспедиция жүргізуде. «Атамекен» деп аталатын бұл жоба Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған.

Арнайы экспедиция Сыр бойында да жалғасты. Бас басылымның өңірдегі тілшісі Мұрат Жетпісбаев Қорқыт баба жатқан Қармақшы жерінен бастап, өткен дәуірде бірнеше хандықтың астанасы болған Сығанаққа дейін сапар ұйымдастырды. Шараға облыс пен аудан әкімдіктері қолдау көрсетті.

Мұндағы мақсат біреу-ақ. Өткеннен тамыр тартқан тарихи һәм рухани құндылықтарды насихаттау.

– Бұл – Қазақстанның барлық өңірінің тарихи-мәдени, туристік әлеуетін кеңінен көрсетуге әрі насихаттауға үлкен мүмкіндік. Сыр өңірінде тарихи орындар көп. Оларды түгелдеп қана қоймай, сақталуын, қорғалуын қарастырып, бірегей туристік орталыққа айналдыру керек. Инфрақұрылым дайын, тек келушілерге сервистік қызмет көрсету сапасын арттыру жағын қарастырса, дұрыс болар еді. Мысалы, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізі бойында орналасқан тарихи орынның бірі – Сығанақ қаласы. Бұдан туристер тамсанатындай орталық құруға әбден болады, – дейді  М.Жетпісбаев.

Рас, Сығанақ шаһары туристік орталыққа сұранып тұр. Қазір мұнда археологиялық қазба жұмысы жүруде. Бұдан бөлек, аршылған қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстары да бар. Бүгінде қаланың шығыс қақпасы қалпына келтірілген.

– 2003 жылдан бері қаланы қазу жұмыстары жүруде. Ғалым Сейден Жолдасбаевтың бастамасымен зерттедік. Соның нәтижесінде қорғандары анықталып, мәдени қабаттары белгіленіп, ғылыми айналымға енгізілді. Ортағасырлық үлкен қаланың бірі болған Сығанақты ХІІІ ғасырдың соңы мен ХІV ғасырдың басында пайда болған деген тоқтамға келдік. Бірақ, бұл да анық емес. Қала бұдан да ерте пайда болуы мүмкін. Біз алда үшжылдық жоспар бойынша археологиялық жұмыс жүргіземіз. Мұнда қақпадан қала ішіне кіретін жол қалпына келтіріледі. Қазір қала ішіндегі тұрғын үй бөлмелері анықталып, сол кезде қолданылған заттарды топырақтан біртіндеп аршудамыз. Басты мақсат – Қазақ хандығы тұсында астана болған Сығанақтың сол кезгі тіршілігін толықтай зерттеу, – дейді Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Археология ғылыми-зерттеу институтының жетекші архелогы, PhD доктор Бақдәулет Сыздықов.

Алашқа ана атанған Сырдың тарихи көмбесін бүгінгі буынға көрсетуге ұмтылған экспедиция жұмысы нәтижелі. Сапар барысында бұрын естімеген тың деректерге қанықтық. Тарихи жәдігерлерді қорғау мен сақтауда ауыл ақсақалдары, ел ағалары айтқан ұсыныс-пікірлер де қағазға түртілді. Ішкі туризм жайы қалыс қалмады.

Түс ауа экспедиция эстафетасы ел газетінің Түркістан облысы бойынша меншікті тілшісі Ғалымжан Елшібайға тапсырылды. Қос өңір шекарасында кездескен әріптестерге ақын Нармахан Бегалиев пен белгілі жазушы Мархабат Байғұт батасын беріп,  сәттілік тіледі.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<