«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жөнінде

653

0

Сот орындаушыларының және атқарушылық іс жүргізу органдарының қызметін реттейтін негізгі заңнамалық жаңалықтар Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы № 376 Заңы шеңберінде енгізілген. Заңда сот актілерінің орындалуына бағытталған қандай атқарушылық іс-әрекеттердің жүргізілетіні және сот орындаушылардың, өндіріп алушылар мен борышкерлердің құқықтарымен міндеттері толық қамтылған.

Өздеріңізге белгілі жылдан жылға ғылымның, білімінің, технологияның дамуы қоғамның өзгеруіне әкелетіні заңдылық екенін ескеретін болсақ, онда қоғамдық қарым қатынастарды реттейтін заңдарға өзгерістермен толықтырулар дер кезінде енгізу, ол уақыт талабы екені даусыз.

Осыған орай, бес институционалды реформаларды көздейтін «100 Нақты қадам» Ұлт Жоспары аясында елімізде бірқатар мемлекеттік-құқықтық институттарын жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстар іске асырылуда. Оның ішінде, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтарын қорғау процесінің аяқталуын қамтамасыз етуге арналған атқарушылық өндіріс саласына елеулі өзгерістер енгізілуде. Мәселен, Ұлт Жоспарының 27 қадамында жеке сот орындаушыларының институтын одан әрі дамыту, сот орындаушыларының мемлекеттік қызметін кезең-кезеңмен қысқарту көзделіп отыр.

Қабылданған өзгерістердің ең маңызды ерекшелігі ретінде орындалуға жататын атқарушылық құжаттардың түрлері бойынша мемлекеттік және жеке сот орындаушылары құзыреттіліктерінің бөлінуін атап өту қажет.

2016 жылдың 1 қаңтарынан атқарушылық құжаттардың басым бөлігі тек жеке сот орындаушыларының орындауына қабылдануда. Мысалы, алименттерді, ақша сомаларын, мемлекеттік емес ұйымдардан жалақыларды өндіру, үйге кіргізу, үйден шығару, жайды бұзу туралы атқарушылық құжаттар мәжбүрлеп орындату үшін тек жеке сот орындаушыларына ұсынылуға тиіс.

Жаңартылған заңнамада атқарушылық құжаттар атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі немесе жеке сот орындаушыларының өңірлік палаталары арқылы жолданса, атқарушылық іс жүргізуді өндіріп алушының өтінішінсіз қозғау мүмкіндігі көзделген. Яғни, өндіріп алушы өзінің пайдасына өндіріп алу туралы құжатты тікелей жеке сот орындаушыға немесе тиісті өңірлік палатаға ұсыну мүмкіндігіне ие.

Бұл заңға енгізілген жаңалықтар атқарушылық өндіріс саласының деңгейін көтеруде заңдылықтың сақталуы, яғни өндіріп алушылармен борышкерлердің конституциялық құқықтарының сақталуына оң септігін тигізетіні күмәнсіз.

З.Ержанова,

 Қызылорда облысының 

Әділет департаментінің бас маманы, 

ҚР Заңгерлер одағының мүшесі. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<