Ауыл бизнесін дамытуға үлес

374

0

Ауыл халқының қаржылық қыз­меттер мен ресурстарға қол­жетімділігін арттыруға, дәлірек айтқанда ауыл бизнесін дамытуға «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-на қарасты еншілес компаниялар қомақ­ты үлес қосып келеді. Бұған дейін біз басылымда олардың бірқатарының жұмысын көрсеткен болатынбыз. Ендігі кезекті қаржы институтын таныс­тыруды мақсат тұтып отырмыз.

Мемлекет бас­­шы­сының тап­сырма­сымен ауыл шаруа­шы­лығы сала­сын­да шағын шаруашы­лық­тарды кооперативтерге біріктіру бастамасы үлкен басымдық алуда. Екі жыл бұрын осы бағытта кешенді жұмыстар басталды. Міне, осы кооперативтерге қолдау көрсету құралдары қатарында «Ауыл шаруашылығын қар­жылай қол­дау қоры» АҚ ерекше мәнге ие болды. Оның жергілікті филиалы өңі­ріміздегі коо­перативтердің ісін дамытуға айрық­ша көңіл бөлуде. Өткен жылы аталған қаржы институты облыста жаңадан құрылған ұйымдарға 2,7 млрд теңгеден астам несие берсе, жалпы 2017 жылы филиал бойынша барлық бөлінген қаржы 4,3 млрд теңгеден асып түскен.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ аты айтып тұрғандай ауыл тұрғындары мен шағын ауыл шаруашылық тауар өндірушілердің несие ресурстарына қолжетімділігін арттыру, шағын несие инфрақұрылымы мен кәсіпкерлікті дамыту, ауыл тұрғын­дарының әл-ауқаттарын жақсарту мақса­тында қызмет етеді. Айта кеткен жөн, бұл құрылым «ҚазАгро» xолдингінің еншілес компаниясы. Аталған компания 2017-2021 жылдарға арналған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясындағы шағын несиелендіруге жауапты ұйым саналады. Қызылорда филиалы директорының орынбасары Байәділ Садиевтың айтуынша, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша өткен жылы аймақта филиал тарапынан 1,1 млрд тең­ге несие беріл­ген. Не­сие алу­шылар үшін шарттары өте тиімді. Несиелеудің мер­зімі – 6,5 жылға дейін, үстеме – жыл­дық 6%-тен аспайды, тиімді сыйақы үстемесі – 6,7%-ке дейін. Несиелеу мерзімінің үштен бір бөлігіне дейін жеңілдетілген мерзім бекітіледі. Міне, осы несиелік қаржының арқасында кеше жұмыссыз жүрген, немесе өз-өзін жұ­мыспен қамтыған жүздеген ауыл тұр­ғын­дары шаруашылық ашуға немесе кеңей­­туге, мал басын өсіруге мүмкіндік алды.

Мұнан бөлек қор 2017 жылы кәсібін өрістетемін деген жандарға ПРООН есебінен қаржыландыру арқылы 50 млн теңге, коммерциялық мақсатқа тартылған қаражат есебінен 110 млн теңге және «Жұмыспен қамту жол картасы бағдарламасы – 2020» аясында 415 млн теңге несие берген.

Қазіргі уақытта «Ауыл шаруашы­лығын қаржылай қолдау қорының» несие желісі «Ынтымақ», «Береке», «Игілік», «Ырыс», «Егінжай», «Кәсіпкер» атты несиелік бағдарламалардан құралды. Мысалы, «Ырыс» бағдарламасы бойынша асыл тұқымды аналық мал басын сатып алу және тауарлы сүт фермаларын құруға немесе дамытуға 85 млн теңгені 120 айға 6% жылдық сыйақы үстемемен алуға болады. Сондай-ақ «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ет тұқымды жас ірі қараның аналық мал басын сатып алуға 40 млн, ал ұсақ мал үшін 30 млн теңгеге дейін қаражатты 180 айға алуға болады. Бірақ, несиенің үстеме мөлшері 14% болғанымен оның 10%-і субсидияланады. Алайда, бұл бағдарламаның шарты бойынша тек қана шетелдік асыл тұқымды мал сатып алынуы керек. Сервистік дайындау және қайта өңдеумен айналысатын кооперативтерге несие беретін «Ынтымақ» бағдарламасы бойынша да 50 млн теңгеге дейін алуға болады. Модульді сүт қабылдау немесе мал сою бекеттері, сондай-ақ рефрижераторлар, сүт немесе мал тасымалдау көліктері несиеге сатып алынатын болса, қарыз қаражатынан сатып алынған жабдықтар кепілдік ретінде қойылады. Сонымен қатар, коо­ператив мемлекеттен сатып алын­ған жабдықтар бағасынан 50% және жи­налған өнімге субсидия алады. Сол секілді «Егінжай» және «Кәсіпкер» бағдар­ламаларымен 6 млн теңге қаражатқа қол жеткізеді. Ең төменгі мөлшер «Игілік» бағдарламасына тиесілі. Ондағы несиенің жоғары көлемі 4 млн теңге.

Осы аталған бағдарламалар бойынша өткен жылы және осы жылдың алты айында облыс бойынша 1886 адам жалпы көлемі 5,8 млрд теңге несие алған. Мұнан бөлек биылғы жыл басынан бері тамыздың ор­та­сына дейін «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағ­дарламасы аясында 714,9 млн, ал «Жұ­мыспен қамту жол картасы – 2020» бағ­дар­ламасы шеңберінде 60 млн теңге игерілген.

Демек, «Ауыл шаруашы­лығын қаржы­лай қолдау қоры» АҚ Қызылорда филиалы аймақтағы ауылдық елді мекендерде кәсіпкерліктің дамуына қомақты үлес қосып келеді деуге толық негіз бар.

Ербол Досов, кәсіпкер:

«Біз Ақсуат ауылдық округіненбіз. Мал басын көбейту мақсатында «Игілік» бағдарламасы бойынша «Ауыл шаруашылық қаржылай қолдау қорынан» 4 млн теңге несие алдым. Оның шарттары өте тиімді, менің ойымнан шығып отыр. Үстемесі бар болғаны 6%. Мүмкіндігім келіп жатса ертерек жауып тастауыма да болады. Бұл кәсіпкерлер үшін жақсы қолдау деп санаймын».

Айжан Тіккөзова, кәсіпкер:

«Тасбөгетте шеберханамыз бар. Онда түрлі станоктармен тапсырыстар орындаймыз. Автокөліктердің валдарын жонуға қажетті токарлық станоктың тағы біреуін сатып алмақ ниетпен «Ауыл шаруашылық қаржылай қолдау қоры» арқылы «Кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 6 млн теңге несиені 5 жыл мерзімге алып отырмыз. Бірақ біз сатып аламыз деген станок өтіп кеткен екен. Сондықтан басқасын іздестіріп жатырмыз. Осы жағдайды баяндағаннан кейін қор басшылығы несиені қайтаруға тағы алты ай уақыт қосып беріп отыр. Айтары жоқ, бұл үлкен жеңілдік. Егер де осындай көлемдегі қаржыны екінші деңгейлі банктен алатын болсақ оның шарттары өте ауыр тиер еді».

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<