Автобустардағы электронды кітапхана

1656

0

«Қызылорда» автобус паркі» ЖШС-на қарасты автобустарда электронды кітап оқу мүмкіндігі пайда болды. Енді кез келген жолаушы межелі мекен-жайына жеткенше қажетті кітабын QR код арқылы оқи алады. Жолаушы смартфоны интернетке қосулы болса жеткілікті. Бұл жоба «Қызылорда автобус паркі» ЖШС мен «KitapAl» кітап дүкенінің бірлескен жобасымен іске асып отыр.

Мұнда қазақ және шетелдік классик жазушылар шығармалары енгізілген.

– Жылжымалы кітапхана көркем әдебиетті оқуды насихаттау үшін жабдықталған. Қазақ, орыс және шетелдік классика секілді үш бөлімнен тұратын кітапты таңдау үшін жолаушы сілтеме бойынша өту керек. Шығармалардың ішінен Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар», Д.Қонаевтың «Ақиқаттан аттауға болмайды», М.Мақатаевтың «Өмір-өзен», Л.Кинның «Как разговаривать с кем угодно, когда угодно и где угодно», П.Уоллейстың «Интернет психологиясы», П.Коэльоның «Алхимик», Д.Кахоның «Түйсігіңмен ойла», «Мың бір түн» және басқа да кітаптарды таңдауға болады. Алдағы уақытта кітаптар тізбесі жаңартылып отырады, – дейді «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС директоры Мақсат Жүсіп.

Жұмыстан қолы қалт еткенде кітапханаға асығатын Бекмырза Ғарифолла бұл жаңалықты қуанышпен қабылдады. Ол алғашқылардың бірі болып мобильді кітапхананың қызметін пайдаланып көрді.

– Бұл жоба қаламгерлер мен оқырмандардың арасын жалғайтын алтын көпірдің баспалдағы десем болады. Кітапханаға келіп-кетуім көп уақыт алады, онымен қоса, кейде бірнеше кітапты көтеріп әкетуге тура келетін. Мобильді кітапхананың тиімділігі де осында. Жұмыста немесе үйде, басқа да орындарда оқуға ыңғайлы. Ол үшін кітапты арқалап жүрмейсің. Технологияның дамыған тұсында осындай кітапхана жастар үшін қажет әрі тиімді, – дейді өз әсерімен бөлісіп.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<