Аудан жаңалықтары

349

0

Үстел теннисі орталықтары

Қалаға қарасты «Ақжарма», «Қызылжарма», «Талсуат», «Қызылөзек» ауылдық округтерінде үстел теннисі орталықтары ашылды. Орталықтар қызметі «Qosyl» жастар орталығының жобасы аясында жүзеге асырылуда.

Айта кетейік, бұған дейін жоба аясында аталған орталықтар «Қарауылтөбе», «Ақсуат» ауылдық округінен ашылған. Ауыл жастары орталық қызметін ақысыз негізде пайдалана алады.

Сауда үйі бой көтерді

Тәуелсіздік күні қарсаңында ауданда бизнес орталығы бой көтерді. Ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Серік Сермағамбетов жаңа нысан жұмысына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ «Халық банкі» осы бизнес орталығында жұмыс жасайтын болды. Айта кетейік, «Самғау» бизнес орталығында 10-ға жуық адам жұмыспен қамтылған.

Бұдан бөлек, аудан әкімі Серік Сермағамбетов мереке аясында пайдалануға берілген «Мега планета» сауда үйінің жұмысмен танысты.

Аудандық ашық турнир

Желтоқсан оқиғасының құрбандарын еске алуға арналған кіші футболдан аудандық ашық турнир өтті. Оған Қазалы және Арал аудандарынан 7 команда қатысып, өзара бақ сынасты.

Турнирде аудандық Жанқожа батыр мешітінің бас имамы Берік қажы Сүлейменов Желтоқсан құрбандарына құран бағыштап, желтоқсанша Оңдаш Жұмашұлы сөз сөйледі.

Жарыс қорытындысы бойынша «1001 ұсақ» командасы жеңімпаз атанды. Ал «Жаңа ауыл» мен «Авангард 2» командалары екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті.

«Жасымнан жақсыларға жүрдім жақын»

«Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудан әкімдігінің қолдауымен Сыр сүлейі, даңғайыр жырау Сәрсенбай Бөртебайұлының ұрпағы, жырау Алшынбек Сәрсенбайұлының 80 жылдығына арналған «Жасымнан жақсыларға жүрдім жақын…» атты облыстық жыршы-жыраулар фестивалі өтті.

Фестивальға жыршы Руслан Ахметов, Қорқыт ата мұраларын насихаттаушы Марат Сүгірбай, Жақсан жыраудың ұрпағы, жас жыршы Жәнібек Жақсан, Алшынбек жыраудың төл шәкірті Гүлжамал Бейісова, Жыраулар үйінің үйірме жетекшісі Балтабай Бедебаев, Балқы Базардың ұрпағы Оразалы Әлішбеков және жыраудың ұрпақтары Майра мен Жауһар Сәрсенбаевалар қатысып, жыраулық дәстүрдің үздік үлгісін көрсетті.

Соңында барлық қатысушыларға аудан әкімінің Алғыс хаты табыс етілді.

Дарынды оқушылармен кездесті

Аудан әкімі Асқарбек Есжанов Ш.Ермағанбетова атындағы №246 орта мектепте дарынды оқушылармен кездесті. Аудан басшысы оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық мүмкіндіктер жасалғанын атап өтті.

Кездесуде №118 орта мектептің оқушысы Гүлім Алматқызы, №38 орта мектеп оқушысы Нұрсұлтан Тілеуғабылұлы, Арайлым Боранбай сөз сөйледі. Аудан әкімі олардың сауалдарына жауап беріп, дарынды оқушыларға алғыс хат табыстады.

Дәстүрлі форум

Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен аудан жастарының  дәстүрлі ХIV форумы өтті.

Аудан әкімі қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген жастарды ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың, Республикалық қоғамдық штаб жетекшісі Е.Қошановтың және облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағановтың Алғыс хатымен марапаттады.

Сонымен қатар мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда айрықша жетістіктерге жеткен ауданның 10 жасына «Өрлеу» жастар сыйлығы мен 100 000 теңге қаржылай сертификат табысталды.

Аналар ардақталды

Аудан әкімі Нұржан Ахатов көпбалалы аналарды қабылдап, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыс етті. Жиында Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес көпбалалы аналарға 2 алтын, 10 күміс алқа берілді.

Сондай-ақ, шара барысында аудан өнерпаздары әсем әннен шашу шашты. Айта кетейік, қазіргі таңда аудан бойынша «Алтын алқа» иелерінің саны – 957, «Күміс алқа» иегерлері – 1538.

Көкпардан чемпионат өтті

Тәуелсіздік күніне орай көкпардан облыстық чемпионат өтті.

Тартысты өткен жарыс нəтижесінде бас жүлдені Қызылорда облысының «Қайсар» құрама командасы иеленді. Күміс жүлдеге Түгіскен ауылының «Түгіскен ұландары» иелік етті. Ал қола жүлде Қыркеңсе мен Өзгент ауылдарынан құралған «Қыр-Өзгент» құрама командасына бұйырды.

Жеңімпаздар мен үздік ойыншылар аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталып, облыстық мәдениет және спорт басқармасының дипломдары мен медальдары және демеушілердің қаржылай жүлдесі табысталды.

Дайындаған Биболат Сәтжан,

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<