Аудан жаңалықтары

244

0

Семинар өткізді

Қала әкімі аппаратының басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл Жасұлан Абатов қалалық құрылыс бөлімінің қызметкерлеріне мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы түсіндіру бойынша семинар өткізді.

Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілерге қойылатын жалпыға бірдей моральдік-әдептік нормаларды сақтау туралы айтты. Жиын соңында сыбайлас жемқорлық көріністерінің әрбір фактісіне мұқият талдау жасау, оларды жою жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Жедел штаб отырысы

Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың төрағалығымен газ тапшылығы мәселесіне байланысты жедел штаб отырысы өтті. Жиында ауданды газбен қамтамасыз ететін операторлар қазіргі жағдайды баяндады.

Газ тапшылығын болдырмау үшін ауданда жұмысшы тобы құрылды. Құрамында тиісті сала басшылары мен құқық қорғау органдары бар. Топ мүшелері тәулік сайын зерделеу жұмысын жүргізіп отырады. Аудан әкімі барлық операторларға сұйытылған газды бірінші кезекте халыққа және коммуналдық қызметке босатуды тапсырды.

Түнгі рейд жалғасуда

Аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеуімбетов бастаған жұмысшы топ аудан орталығындағы жастардың көптеп бас қосатын нысандарын аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ойын-сауық орталықтары мен компьютер клубтарында жастарды тәртіпке шақырды.

Топ құрамында білім, полиция, мәдениет және спорт бөлімі, өзге де сала қызметкерлері бар. Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы арнайы топ жұмысы жалғасын табатын болады.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі

Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Онда 35 көлікпен 217 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері қойылып, нарықтағы бағадан 10-15 пайыз төмен сатылды.

Жәрмеңкеге аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы мен ардагерлері қатысты. Дала еңбеккерлері мен аудан халқын қауыштырған күздің мерекесінде күріш, бақша, ет, балық, көкөніс, сүт, макарон, мал азығы өнімдері қойылды. Сатылымда болған өнімдердің 21 тоннасы күріш.

Тұрғындармен кездесті

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов Жаңадария, Аламесек және Еңбек ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен алдағы жобалар туралы айтты.

Халықпен кездесулерге Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев, алқа билер кеңесінің төрағасы Кенжеғара Сүлейменов, аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, аудан әкімінің орынбасарлары және жауапты сала басшылары қатысы.

Құқықтық оқыту өткізілді

Аудан әкімі аппаратының ұйымдастыруымен әкімдік қызметкерлерін құқықтық оқыту семинары өтті.

Күн тәртібіндегі мәселеге қатысты аудан әкімі аппаратының бөлім басшысы Е.Зұлқарнаев қатысушыларға толық түсіндірме жүргізіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүзеге асатынын жеткізді.

Қатысушылар өздерін толғандырып жүрген сауалдарына толықтай жауап алды. Сонымен қатар, бөлімнің әдіскері Н.Құрақбаева нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидасының талаптарын түсіндіріп өтті.

Жас ақындардың жыр кеші

Аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен жас ақындардың жыр мүшәйрасы өтті. Байқауда мектеп оқушылары бақ сынап, өз өлеңдерімен қатар, жергілікті ақындардың Шиелі туралы шығармаларын жатқа оқыды.

Талапкерлердің өнерін балалар кітапханасының меңгерушісі Гүлзира Қоңыратбаева, Ы.Жақаев атындағы №244 орта мектебінің мұғалімі Самал Әуезханова, кітапханашы Перуза Түлкібаева бағалады. Бас жүлдені Ә.Қоңыратбаев атындағы №48 мектеп-лицейдің 6-сынып оқушысы Дарын Қалдыбай иеленді.

Кәсіби мерекені атап өтті

Әлеуметтік сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Ордакент» ардагерлер және жастар ресурстық орталығында салтанатты шара өтті. Кент әкімінің орынбасары Ақжан Тұрғанбаев әлеуметтік қорғау жүйесі мамандарын құттықтады.

Сала жұмысын алға өрлетудегі үлесі үшін кент әкімінің алғыс хаттарын табыстады. Салтанатты шара «Арман» мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<