Аудан жаңалықтары

392

0

Құқық бұзушылықтың алдын алу

Қала әкімі Асылбек Шәменовтің төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері және құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі комиссия отырысы өтті.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Айдар Касанов 11 айда атқарылған жедел-қызметтік жұмыстар туралы баяндады. Жалпы қылмыстық құқық бұзушылық өткен жылмен салыстырғанда 4,9 пайызға төмендеген. Қылмыстың кезекші тәулікте ашылуы жоғарылаған. Әртүрлі әкімшілік құқық бұзғандар, қоғамдық қауіпсіздікті сақтамағандар айыппұл арқалаған. Жыл басынан бері алаяқтық қылмыстың 480 дерегі тіркелген. Өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға төмен. Алаяқтық қылмыстардың 135 дерегі – интернет-алаяқтық.

Тұрғындар тілегі тыңдалды

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов «Қосаман» ауылдық округіндегі №68 орта мектепте ауыл тұрғындарымен жүздесті. Кездесуде атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, алда іске асырылатын жобалар туралы айтылды.

Аудан әкімі алдымен өңірдегі мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы және аймақ басшысының қолдауымен жүзеге асып жатқан жұмыстардың барысына тоқталды. Сондай-ақ ең бірінші кезектегі әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша тиісті шаралардың өз ретімен жүргізіліп жатқанын айтты. Инфрақұрылымды жақсарту бойынша биылға бөлінген қаржыға аудандық маңызы бар жолдар мен ауылішілік жолдар салынуда. Жергілікті жолдарды жақсартуда аудан көлемінде 31 жоба іске асты. Оның ішінде келесі жылға өтпелілерден бөлек, аудандық маңызы бар 165 шақырым автожол жөндеуден өткен.

Дәрігерлік амбулаторияның құрылысы қарқынды

Биыл Қазалы ауданында қарқынды құрылыс жүріп жатыр. Соның бірі – «Бозкөл» және «Кәукей» ауылдарындағы дәрігерлік амбулатория.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев екі ауылға арнайы барып, нысандар жұмысын жеделдетуді тапсырды.  Бұл ғимараттардағы жұмыс аяқталуға жақын. Нақтыласақ, сырлау, бояу, жарық жүргізу секілді ішкі жұмыстар атқарылуда. Оған қоса қажетті құрал-жабдықтары да орналастырылып жатыр.

Аудан басшысы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембаевқа  жұмыс барысын назарда ұстау туралы тапсырма жүктеді.

Сауда үйі ашылды

Жосалы кенті орталығынан жеке кәсіпкер Б.Қалыбаев «Зұлхарнай» сауда үйі құрылысын аяқтап, халыққа қызмет көрсетуді бастады.

Жеке кәсіпкер «1001 ұсақ» шағын дүкенін заманауи талаптарға сай етіп, құрылысқа және тұрмысқа қажетті аралас тауарлар қатарын көбейткен.  «2021-2022 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде несие қаражатын алған. Нарық бағасынан арзан өнімдер сатуды  мақсат етіп отырған кәсіпкер сауда нысанында 5 жаңа жұмыс орнын ашты.

Еңбек ардагерін еске алды

Қоғам қайраткері, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» ордендерінің иегері, соғыс және еңбек ардагері, Қызылорда облысының және Жалағаш ауданының Құрметті азаматы Камал Бердәулетовтің 100 жылдығына арналған еске алу шарасы өтті. Оған Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов қатысып, қайраткердің жүріп өткен жолы  дәуір тарихы екенін айтты.

1923 жылы дүниеге келген Камал Әбдірәшитұлы жастайынан еңбекке араласты. Қазан төңкерісінен кейінгі аласапыран, азамат соғысы, бай-болысты қудалау, кәмпеске, ашаршылық сияқты зұлматтар жасөспірімді тым ерте есейтті. Республика көлемінде жоғары қызметтерде болған әкесі Әбдірәшиттің 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшырауы да жас баланың өмірге көзқарасын қалыптастырып, қатайта түсті.

Іс-шарада К.Бердәулетовтің өмір жолы, қызметі туралы естеліктер айтылды.

Кәсіпкер әйелдер көбейіп келеді

Аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі аудандық комиссия отырысы өтіп, екі мәселе қаралды. Комиссия отырысына аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев төрағалық етті.

 «Отбасы және неке құндылықтарын сақтау, гендерлік теңдікті насихаттау, отбасылық қатынастарды нығайту бағытында шаралар ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында атқарылған жұмыстар туралы «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы А.Мырзахметова хабарлама жасады.

Өз ісін бастаған әйелдерге қаржылай және қаржылай емес қолдау шаралары туралы ақпараттық-консультациялық қызметтер көрсету мәселесі бойынша хабарлама жасаған аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы А.Сәдуақасов кәсіпкер ретінде тіркелген әйелдер саны көбейіп келе жатқанын жеткізді.

Исламтанушы ғалымды қабылдады

Аудан әкімі Нұржан Ахатов РАТТ мүшесі, исламтанушы ғалым, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ұстазы Ризабек Батталұлын қабылдады.

Ризабек Батталұлы жерлестерімізбен Шиелі ауданының орталық мешітінде кездесу үшін Алматы қаласынан келген болатын. Ол – көптеген діни тағылымды кітаптың авторы.

Тәуелсіздік күніне арналған шара

Аудандық тарихи-өлкетану музейінде Тәуелсіздік күніне арналған «Егемендік елдігім – Тәуелсіздік теңдігім» тақырыбында іс-шара болды.

Шараға Желтоқсан оқиғасының куәгерлері Ж.Жәпеков, Д.Үсенова, С.Байжанов және де Ә.Әділов атындағы №86 мектеп окушылары қатысты. Онда мектеп оқушылары Тәуелсіздік жайында өлеңдер оқып, көріністер көрсетті. Шара соңында музей меңгерушісі А.Жанаева қонақтарға сый-сияпат жасап, алғыс хаттар табыстады.

Дайындаған Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<