Аудан жаңалықтары

458

0

Түлектерге диплом табысталды

Қызылорда. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде бітіруші түлектерге салтанатты түрде диплом табысталды.

Сыр еліндегі ғылым мен білімнің қарашаңырағы, сексен бес жылдық тарихы бар оқу орнында қазір 8 мыңға жуық білім алушы бар. Биыл университетті 2159 түлек бітіріп, оның 200-ге жуығы үздік диплом иеленді. Салтанатты жиында университет ректоры Бейбіткүл Кәрімова түлектерге сәттілік тіледі.

Жиында «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы, университет түлегі Мақсат Исағабыловқа Қорқыт ата атындағы Алтын медаль табысталды. Сондай-ақ, байқаулар мен қоғамдық шараларға белсене араласқан түлектер университет ректорының Алғыс хатымен марапатталды.

Домбыра үйірмесі ашылды

Арал. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі күйші-композитор Мұрат Сыдықов атындағы домбыра үйірмесі ашылды.

Салтанатты іс-шарада оның өмір жолы, шығармашылығы көпшілікке таныстырылды. Арал қаласының әкімі Ербол Талекенов жас өрендердің ұлттық өнерді асқақтата беруіне тілектестігін білдірді.

Күйші-композитор Мұрат Сыдықов үйірмеге алғаш қабылданған балаларға батасын беріп, домбыра табыстады.

Үш насос іске қосылды

Қазалы. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев «Жалаңтөс батыр» ЖШС егістік алқабына барып, күріштікті суландыру жұмыстарын көрді.

Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмен болуына байланысты осы шаруашылықтың егіс алқабын суландыру жұмыстары кешеуілдеп жатыр. Салдарынан кей каналдарға мүлде су шықпай, күріш дақылы күйіп кету алдында тұр.

«Қазалысушар» өндірістік учаскесінің су тапшылығына орай алынған 3 насосы арқылы «Жалаңтөс батыр» ЖШС-ның III және IV ауыспалы егістігіндегі 125 гектар күріш су ішеді. Ал, үшінші насос шаруашылықтағы 100 гектар егістікті сумен қамтамасыз етеді.

Жаңа киімдер дүкені

Қармақшы. Жосалы кентінде «Мега Планета» атты  киімдер дүкенінің ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Байназарұлы қатысып, көпшілікті жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Сонымен бірге ардагерлер өздерінің ізгі лебіздерін білдіріп, бата берді.

Дүкенде түрлі үлгідегі киімдермен қатар тұрмыстық тауарлар тиімді бағада сатылмақ. Дүкен иесі қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, 15000 теңгелік 15 сертификатты тұрмысы төмен отбасыларға табыстады.

Спорттық сауықтыру кешені

Жалағаш. «AMANAT» партиясы Жалағаш аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаева және партияның аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Қанбибі Асқарова Жалағаш кенті орталығындағы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысына зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Құрылыс өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы қаржыландырылған. Мемлекеттік сатып алу нәтижесінде «СКЗ Инжиниринг» ЖШС ұтып алып, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нысанды қыркүйек айында пайдалануга беруді жоспарлауда.

Төсбелгі табысталды

Сырдария. Аудандық полиция бөлімінде жиын өтіп, сала ардагерлері «Қазақстан полициясына 30 жыл» төсбелгісімен марапатталды.

Жиында облыстық мәслихат депутаты Р.Есенов тәртіп сақшыларының ел дамуында, қоғам тыныштығын сақтауда атқарып жатқан қызметтері орасан екенін атады.

Аудандық полиция бөлімі бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Еспенбетов биылғы мерейлі жылда сала ардагерлері мен қызметкерлері марапат биігінен көрініп, бірқатары арнайы төсбелгімен марапатталғанын айтып өтті. Бұл – сондай іс-шараның жалғасы.

Жастардың тынымсыз еңбегі

Шиелі. Ауданның жұмыссыз жастары, демалыстағы студенттер мен жоғары сынып оқушылары маусымдық жұмыспен айналысып, мемлекеттік қолдауға ие болуда.

Жасыл елдің алғашқы легіне 170-тен астам жас қатысып, тынымсыз еңбек етіп жатыр. Қазіргі уақытта Шиелі кенті мен ауылдық округтердің көшелерінде тазалық жұмыстары жүргізіліп келеді.

Аудан жастары жазғы демалыс уақыттарын тиімді өткізіп, табыс тауып жүр.

Стритбол жарысы

Жаңақорған. Жастар арасында спортты, салауатты өмір салтын насихаттау және дамыту мақсатында стритболдан аудандық ашық турнир өтті.

Жарысқа Қызылорда қаласы, Шиелі ауданынан командалар келіп қатысты. Іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Б.Нұридинов спортшыларға сәттілік тіледі. Сайысқа барлығы 18 команда қатысты. Тартысты ойынның нәтижесінде қыздар арасында І орын Қызылорда қаласы, ІІ орын Шиелі ауданы, ІІІ орын Жаңақорған ауданының командасына бұйырды. Ал ұлдар арасындағы ойында І орынды Жаңақорған командасы, ІІ орынды Бесарық командасы, ІІІ орынды Жаманбай батыр командасы өзара бөлісті.

Дайындаған:

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<