Аумақтық мүшәйра өтті

482

0

         Сұлутөбе ауылындағы Мұстафа Шоқай атындағы №41 орта мектепте ұлағатты ұстаз, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің білікті маманы Ғани Мұстафаевты еске алуға арналған «Ұстаз ең жаны жайсаң, жарқылдаған…» атты жазба ақындардың аумақтық мүшәйрасы өтті.

         Оған орта білім беретін 6 мектептен 12 оқушы, 7 жас маман қатысты. Мүшайраға  Г.Ковтунов атындағы №252 мектеп-гимназиясының  тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Болат Сейілханов, ардагер ұстаз Ералы Жұмаділов, Үміт Жәнібекова  әділ-қазылық етті.

         Ғани Мұстафаев Қорқыт ата атындағы педагогикалық институтты қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Туған жері Сұлутөбе ауылында мұғалім, әр жылдары мектеп директорының оқу ісі жөніндегі,  тәрбие ісі және бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.

 1999 жылғы ХХХIV облыстық педагогикалық  оқудың жеңімпазы, Қазақстан Республикасы  «Білім  беру ісінің Үздігі» белгісімен  марапатталған, аудандық «Үздік  бағдарлы оқыту» байқауында жүлделі  І  орын иеленген. Бұл − ұлағатты ұстаздың өмір жолы.  Ғани Итемгенұлы 2012 жылы 43 жасында қаза болды. Мүшәйраға қатысушылар мұғалімнің ұстаздық жолын, адамгершілік, ізгілік қасиеттерін жырға қосты.  Әріптестері мен достары естеліктерімен бөлісті.

         Мүшәйраның бас жүлдесін №40 А.Қыраубаева атындағы орта мектептің  мұғалімі Әйгерім Құрмашева иеленді. Ал оқушылар арасында Мұстафа Шоқай атындағы №41 орта мектептің 10 сынып оқушысы Аружан Жаңатай жеңіп алды.

         Ұстазының жолын қуып, мұғалім болған Ғани ағайдың шәкіртерінің бірі − Мақбал Жусанбаева. Бүгінде ол №40 А.Қыраубаева атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс береді.  Еске алу кешінде Мақбалдың ұстазына деген сағынышқа толы жырларына және оқушысы Ұлдана Донярға Ғани Мұстафаевтың группалас достарының арнайы сыйлығын Болат Пернебайұлы табыстады. Жеңімпаздардың барлығы дипломдермен естелік сыйлықтармен марапатталды.

Гүлбану МАҚАЖАН,

 «Сыр бойы»