Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев УЕФА стадион инспекторы Скотт Струзерстпен кездесті. Онда аймақта спорт саласын қолдаудағы ауқымды жобалар талқыланды.
– Президентіміз Қазақстан халқына арнаған Жолдауында футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты жеделдету керектігін айтқан болатын. Елімізде алғашқылардың бірі болып өткен жылдың қазан айында «Қайсар» футбол клубы жеке басқаруға берілді. Клубтың жылдық бюджетінде Премьер-лигаға 995 млн теңге, қыздар командасына 281,2 млн теңге, жасөсіпрімдерге 436,6 млн теңге қаралған.
Клубтың жаңа басшысы «Қайсар» академиясын ашуға, инфрақұрылымын дамытуға 18 млрд теңге көлемінде инвестиция салуда.
Алғашқы кезеңде база мен 3 жаттығу алаңын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Ал кешен 2027 жылдың соңына дейін толық пайдалануға беріледі. Бұл жоба – клубтың ұзақ мерзімді дамуына бағытталған негізгі инвестициясы.
Жаңа академия 300 баланың жыл көлемінде футболмен шұғылдануына мүмкіндік береді. Болашақта жаңа академия тәрбиеленушілері танымал ойыншылардың ізін басады деген сенімдеміз, – деді облыс әкімі.
Жалпы кейінгі 4 жылда аймақта спорт саласын дамытуға 92 млрд 693 млн теңге бөлінген. 2022 жылдан бері өңірде 24 жаңа спорт кешені салынып, пайдалануға берілді. Биыл жыл соңына дейін елді мекендерде тағы 3 спорт кешені ел игілігіне табысталады.
Қазіргі таңда аумағы 25 мың шаршы метрді құрайтын, олимпиадалық стандарттарға сай 25-50 метрлік бассейні, Әлем және Азия чемпионаттарын өткізуге арналған 2500 орындық көпфункционалды залы бар «Қызылорда Арена» спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Спорт нысанын биыл пайдалануға беру жоспарланған.





