Ауыл ардагерлерін ардақтады

408

0

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев Жалағаш ауданындағы Мырзабай ахун және М.Шәменов ауылдарына барып, еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетті.

Алдымен М.Шәменов ауылының тұрғыны, қарт ана Алтынай Қаюпованың үйіне барып, «Облыстың құрметті ардагері» медалін табыстады.

– Біз Жаңақорғаннан Аралға дейін барлық ауданды аралап, аймақтың дамуына елеулі үлес қосқан қарияларға құрмет көрсетіп жүрміз. Осылайша,  ғибратты ғұмыр кешіп, еңбегімен елге танылған қазыналы қарттарымыздың өмір жолын көпке үлгі етіп келеміз, – деді ұйым төрағасы.

Алтынай әже қазір 88 жаста. Ол осы ауылдың өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан еңбекшіл жан. Қаршадайынан жұмысқа араласты, еңбегі еленіп,  «Еңбек Қызыл ту» орденінің иегері атанды. Әуелі ауылда шопанның көмекшісі болды. Кейін өндіріс саласына ауысып, озат күрішшілер сапынан көрінді. Отбасының тілекшісі еңбек ете жүріп, «Батыр ана» атанды. Зейнетке шыққан соң да қоғамдық өмірден тыс қалған жоқ. Қазір ол «Асыл әжелер» ансамблінің мүшесі. Құрметке бөленген Алтынай әже елдің амандығын тілеп, ақ батасын берді. 

Мұнан соң ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев Мырзабай ахун ауылдағы мектепке барып, осы ауылдың еңбек ардагері, өнегелі ғұмыр кешкен Амангелді Арунұлын 80 жылдық мерейтойымен құттықтады. Жалағаш аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Ш.Қалыбаев қарияға аймақ басшысы мен облыстық мәслихаттың шешімімен берілген облыстың «Құрмет грамотасын» табыстады. Ал С.Дүйсенбаев оның кеудесіне «Облыстың құрметті ардагері» медалін тақты.

Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы С.Әлиев, шаруашылық төрағасы Е.Өмірсеріков және өндірістегі шәкірті, ауыл тұрғыны Серікбай Елеуішов той иесіне сый-сияпат көрсетті. Соңында Амангелді ақсақал жылы лебізін білдіріп, ел азаматтары мен ардагерлер ұйымына алғыс айтты.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<