Ауыл мұғалімінің асуы

2145

0

Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Алтын тұғыр» республикалық олимпиадасында облыс намысын қорғаған №111 қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Шұғыла Шайманалиева олимпиада жүлдегері атанды. Педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, мұғалім тұлғасының шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында ұйымдастырылған сайыста жерлесіміз 160-тан астам мұғалімнің арасынан оза шауып, І орынды иеленіп, Дубайға жолдама ұтып алды.

− Олимпиада тапсырмалары бастауыш сынып бағдарламаларын негізге ала отырып құрастырылған авторлық, басым бөлігі логикалық есептерден тұрды. Республиканың түкпір-түкпірінен келген мұғалімдермен бәсекеге түсіп ең жоғары балды жинадым. Бұл – үлкен мерей әрі зор жауапкершілік. Маған сенім білдірген жандарға алғысым зор. Аталған конкурс  – шынымен де мамандар тәжірибесін шыңдап, ынталандыратын айрықша жоба. Мұғалімдердің кәсіби дағдыларын жетілдіру, бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында өткен сайыстан мол тәжірибе жинадым. Заманауи мұғалім әрқашан ізденіс үстінде жүріп, өзін жетілдіріп отыруы керек. Басты мақсат – шәкірттерімнің саналы азамат болып қалыптасуы, − деді Шұғыла Қанибекқызы.

Айта кету керек, Астана қаласындағы жарыс «Дарын» РҒПО мен  «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығының ұйымдастыруымен өтті. Оған облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпаздары қатысты.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<