Ауыл тұрғындарына шағын кредиттер беріледі

744

0

Біз «Жамбыл облысы ауыл халқының табысын арттыру» пилоттық жобасын республика бойынша масштабтау туралы айтапақпыз.

Оқырманға алдымен Қазақстан Республикасы Үкметінің қаулысымен «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы»  кешенді жоспары бекітілгенін айта кеткен жөн. Осы кешенді жоспар аясында Жамбыл облысы 2019-2021 жылдары жақсы нәтиже көрсетті. Сол себепті де осы аймақта жүзеге асырылған «Жамбыл облысы ауыл халқының табысын арттыру» пилоттық жобасын республика бойынша масштабтау, яғни еліміздің өзге облыстарында да жүзеге асыру қарастырылып отыр. Осыған орай қазіргі таңда ауыл халқының табысын арттыру мақсатында республика бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Ел Үкіметінің «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарына сәйкес, ауылдық жерлерде жұмыспен қамтуды ұлғайту  және еңбек табысын арттыру іс шаралары айқындалған. Бұл іс-шараларда ауылдың экономикалық көрінісін айқындау үшін жергілікті жерде әр ауланы аралау жолымен жергілікті жердің скринингін жүргізу, ауыл мен ауданның мамандануын, бизнес-әлеуетті және кооперациялық бағыттарды айқындау, технологиялық карталарды қалыптастыру басқа да көптеген шаралар қамтылған.

«Жамбыл облысының ауыл халқының табысын арттыру» пилоттық жобасын масштабтау мақсатында жаңа «Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау бойынша шағын кредиттер беру» бюджеттік бағдарламасын іске қосу жоспарланып, Қызылорда облысында пилоттық жобаны іске асыру 2023 жылы басталады деп күтілуде. Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2022 жылғы 14 шiлдедегi № 263 бұйрығы бойынша аталған пилоттық жобаны масштабтауға бағытталған микрокредит беру ережесі бекітілді.

Оның нысаналы мақсаты – ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда бизнес жобаларды іске асыру. Микрокредиттің жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыздан аспайды. Мерзімі – бес жылға дейін, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін микрокредит мерзімі –  жеті жыл.

Енді осы микрокредиттің ең жоғары сомасы қанша деген сауал туады. Ол 2,5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 7,6 млн теңге. Бұған қоса, зәкірлік кооперацияны дамыту үшін 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни, 24,5 млн теңге дейін беріледі.

Микрокредитті аларда кепілмен қамтамасыз ету талап етіледі және негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдетілген кезең микрокредит беру мерзімі ұзақтығының 1/3 аспайды (1,5 – 2,3 жыл).

Біздің облысымызда аталған жобаны масштабтау мақсатында Қызылорда қаласы және облыс бойынша жұмыс топтары құрылды. Бұл жобаға қатысушы 16 пилоттық округ тізімі айқындалды. Нақты кезеңде аталған бағдарлама бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында облыстық жұмыс тобы аудандарды аралау және түсіндіру жұмыстарын бастап кетті. Барлық жеті аудан мен Қызылорда қаласына қатысты пилоттық ауылдық елді мекендер бойынша жобалар пулы қалыптастырылып, оның ішінде жаңа инновациялық және өңдеу бағытында ұсынылған жобаларға басымдық берілетін болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<