Ауылдық округ тұрғындарымен кездесті

7558

0

Аудан әкімінің жұмыс сапары Аққұм және Бұқарбай батыр ауылдарында жалғасты.

Халықпен кездесуде Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, 2023 жылдың IV тоқсанында Жалағаш ауданы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарлар баяндалды. Кездесуде «Парасат» орденінің иегері атанған жерлестеріміз профессор Бисенов Қылышбай Алдабергенұлын, Қызылорда облысының және Жалағаш ауданының Құрметті азаматы Баймаханов Қожахмет Мәдібайұлын мақтанышпен айтты.

Сонымен қатар аудан әкімі Ардақ Ибраимов Аққұм ауылдық округіндегі мәдениет Үйі, А. Бисенов атындағы №38 орта мектеп және Спорт кешенінің жұмысымен танысты. Ауыл жастарын білімге, өнер мен салауатты өмір салтын ұстануға үйрететін үйірмелердің жұмысына ризашылығын білдірді.

2023 жылы Аққұм елді мекенінде су тарату жүйесінен аула ішілік су тарату желісінің құрылысы жобасын қоса қаржыландыру аяқталып, нысан пайдалануға берілді. Аққұм және Жастар көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Аққұм ауылы ақсақалдарының ақ батасымен қортындыланған жұмыс сапары Бұқарбай батыр ауылында жалғасты.

Егін маусымы аяқталып, қамбаны ақ күрішке толтырған озат еңбеккерлердің елге жасап жатқан жобалары да жетерлік. Ауыл тұрғындарымен кездесу өткізген Ардақ Ибраимов, №33 орта мектеп жұмысымен танысып, болашақ мамандық иелерінің көрмесінде өнер көрсеткен талапшыл бүлдіршіндерге ізгі ниет, ақ тілегін жеткізді.

Бұқарбай батыр ауылының 3 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жасалуда. Қосымша 11 көшесінің құрылысына және 16 көшені жарықтандыруға жоба-сметалық құжаттар дайындалды.

Жеке қаражат есебінен салынған ауқымды жұмыстардың бірі, Бұқарбай батыр ауылының орталығынан салынған М. Ерниязұлы атындағы саябақпен танысқан Ардақ Ибраимов, ауылға жанашыр азаматтардың адал еңбегімен жасалған жобаларды ұқыпты ұстау қажеттігін айтты.

Ауыл тұрғындарымен кездесулерге аудан әкімімен бірге «Қазақстанның Еңбек Ері», Алтын Жұлдыз бен «Отан» орденінің иегері Имамзада Шағыртаев, алқа билер кеңесінің төрағасы Кенжеғара Сүлейменов, аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, аудан әкімінің орынбасарлары және жауапты сала басшылары қатысы.

Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың ауылдарға жұмыс сапары қазан айының 2-сі күні Аққыр, Жаңаталап, Мақпалкөл, Мырзабай ахун және Таң ауылдық округтерінде жалғасатын болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<