Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының ұзақ мерзімді кезеңге, яғни 2025-2030 жылдарға арналған тарифтерді бекітуге арналған өтінімін қарау бойынша жария тыңдау болды. Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өткен шараға тұтынушылар және өзге де мүдделі мекемелердің өкілдері қатысты.
Айта кетсек, бұдан бұрын кәсіпорынның тарифтері 2020-2024 жылдарға бекітілген. «Табиғи монополиялар туралы» заңға сәйкес табиғи монополияға сәйкес бекітілген тариф бойынша реттеліп көрсетілетін қызметті ұсынуға міндетті.
Жария тыңдау барысында кәсіпорын басшысы Жасұлан Абатов заңнама бойынша тарифтің қолдану мерзімі аяқталғанын атап өтті. Сондықтан 2025 жылдың 1 сәуірінен бастап ұзақ мерзімді кезеңге жаңа тарифті бекіту ұсынылып отыр. Ондағы тарифтер 1 текше метрге қосымша құн салығынсыз сумен жабдықтау қызметі бойынша 114,58 теңге, суды бұру қызметі бойынша ол 179,72 теңге.
– Тарифтерді өзгертуге басты себеп – жаңа инвестициялық міндеттемелердің қабылдануы, қызмет көрсетілетін аумақтың ұлғаюы, өзге де қызметтердің бағасы және салық төлемінің өсуі. Кәсіпорында еңбек ететін азаматтардың жалақысы төмен. Бүгінде мекеме қызметін 86842 тұтынушы пайдаланады. Оның ішінде жеке тұлға – 82209 болса, қалғанын бюджеттік мекемелер, шаруашылық және өзге де тұтынушылар. Қала бойынша 291 мың адамға қызмет көрсетіледі. Кәсіпорын жазғы кезеңде тұтынушыларға 95-100 мың текше метр су береді. Ауызсу сапасы мемлекеттік стандартқа сәйкес келеді, оны тиісті мекемелер қадағалап отырады. Теңгерімде бас су жинау кешені, 112 ауызсу ұңғымасы, 976,12 шақырым ауызсу жүйесі, судың қысымын арттыруға арналған 6 насос станциясы 454,14 шақырым кәріз суын бұру жүйелері, 67 кәріз-насостық станциясы және өзге де нысандар бар, – деді мекеме басшысы.
Кейінгі жылдары энергия, жанармай, шикізат құны қымбаттады. Сондай-ақ мекеменің өзге де қажеттіліктері бойынша баға өсімі бар. Оған қоса мекемеде еңбек ететін 540 адамның жалақысын көтеру мәселесі туындап отыр. Жалақы бұдан бұрын сегіз жыл бұрын көтерілген еді. Қызметкерлердің орташа айлығы 150 мың теңгені шамалайды.
Дебиторлық қарыз 484 млн теңге, оның 440 млн теңгесі – тұрғындардың ауыз су тұтыну және су бұру қызметтеріне берешегі. Салдарынан мекеменің кредиторлық қарызы 2 млрд теңгеден асты. Бұл кәсіпорынның қаржылық жағдайының қиындауына алып келді. Қазір оған қатысты оңалту жұмыстары жүргізілуде.
Кәсіпорын бюджет қаражатын тікелей пайдалана алмайды. Сондықтан «Нұрлы жол» бағдарламасы, Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы жеңілдетілген несиелер кәдеге жаратылады.
Жария тыңдауда облыстық мәслихат депутаты Жорабек Нұрымбетов «Қызылорда су жүйесі» 2025 жылға арналған инвестициялық бағдарлама бойынша 93 миллион теңгені қалай игеретіні жөнінде сауал қойды. Мекеме басшысы бұл мақсатта барлық мүмкіндік қарастырылып отырғанын атап өтті.
Облыстық мәслихат депутаты Садық Мұстафа тарифті өсіру арқылы ауызсу және көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту жағдайына қатысты ой қозғады. Облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамдық қорының басшысы Серік Теңізбаев ауызсу сапасы мен қысымының төмендігі жайында ұсынысын жеткізді.
– Кәсіпорында судың сапасы тұрақты қадағаланады. Сондықтан оған қатысты мәселе жоқ деген ойдамын. Рас, су қысымына байланысты тұрғындар тарапынан өтініштер түседі. Зерттеп келгенде, мәселенің басқаша екенін байқаймыз. Нақты айтқанда, көпқабатты тұрғын үйлерге дейін қысымның қалыпты болуы қадағаланады. Біз оны өзімізге бекітілген бөлігіне дейін тұрақты бақылауда ұстаймыз. Қысымның төмен болуына басты себеп – тұрғындардың пәтерге дейін жүргізген құбырының талапқа сай келмеуі, – деді Ж.Абатов.
Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Зура Сардарбектің айтуынша, тарифке қатысты ұсынылған құжаттарды мамандар таразылайды. Жария тыңдауда айтылған барлық ұсыныс пен пікір назарға алынады. Нақты шешім 14 ақпанда қабылданады.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<