Ажалдан арашалады

375

0

Өткен сейсенбіде төтенше жағдай болып, соңы қайғылы жағдайға ұласа жаздады. Түскі сағат 12 шамасында Қызылорда қаласының «Мерей» ықшам ауданындағы №23 көпқабатты тұрғын үйдің 3 қабатынан түтін шығып жатқаны туралы 112 құтқару қызметіне хабарлама түскен.

Оқиға орнына №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің 2 техникасы мен автосатысы, 8 қызметкері жұмылдырылды. Құтқарушылар әуелі полиция қызметкерлерінің рұқсатымен тұрғын үйдегі №38 пәтердің есігін бұзып, барлау жұмыстарын жүргізді. Шұғыл іс-әрекет нәтижесінде өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Данияр Ибраев бастаған қызметкерлер қызыл жалынға оранған екі бөлмелі пәтердің ішінде тұрмыстық заттар жанып жатқанын анықтады. Сонымен қатар, көмірқышқыл газына уланып, ес-түссіз жатқан 61 жастағы ер азаматты құтқарды. Дереу қауіпсіз жерге шығарылған азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жедел жәрдемге тапсырылды. Сондай-ақ, өртті дер кезінде оқшаулау кезінде үйдің 4 қабатынан 2 жасөспірім мен 3 ересек адам эвакуацияланды.

Мамандардың жедел әрі біріккен іс-қимылының нәтижесінде көпқабатты тұрғын үйдің өзге пәтерлеріне өрттің таралуына жол берілген жоқ. Қазір шығу себебі мен шығыны анықталуда.

Айта кетейін, зардап шеккен азаматтың жағдайы ауыр. Дәрігерлердің жіті қарауында. Медицина мамандарының мәліметінше, оның бетін 10-19% термиялық күйік шалған.

Әсет ЕСЕНОВ,

№1 мамандандырылған өрт сөндіру

бөлімі бастығының орынбасары,

азаматтық қорғау майоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<