Азия чемпионаты: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы жалпы есепте екінші орын иеленді

3528

0

Елордада өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатының алғашқы күнгі жасөспірімдер санатындағы ұлдар бәсекесінің финалдық кездесулері аяқталды. Жерлестеріміз үш алтын жүлде мен екі күміс жүлде иеленді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Қазақстан бокс федерациясының Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап. Еліміздің атынан шаршы алаң төріне алғашқы болып 48 келідегі Алдияр Баһадүр көтеріліп, Түркіменстан боксшысы Санжар Хамраевты ойсырата жеңді (5:0). Екінші болып 52 келіде жұдырықтасқан Нұрасыл Төлебек қырғыз боксшысы Амантур Жумаевқа 2:3 есебімен есе жіберді. 75 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Жандос Алпысбаев болса Иран спортшысы Дара Эбадолрахманнан айласын асырды (3:2).

Ал 80 келі салмақта алтынға таласқан Бақытжан Айтмұханов Үндістан өкілі Пауаи Хардикке есе жіберіп, күмісті місе тұтты. Дегенмен біз үшін тағы бір алтын жүлденің ауылы алыс болмады. Көп күттірмей +80 келіде бақ сынаған Бексұлтан Қайратұлы үндістандық қарсыласы Сангван Хемантты жеңіп, ел қоржынына кезекті алтын жүлдені сыйлады. Сондай-ақ ерлер құрамасы осыған дейін 3 қола жүлде иеленген еді. Атап айтқанда, 46 келідегі Нұғман Нығмет, 54 келі салмақта Бауыржан Мұратов, 60 келіде Асқар Қуаныш қола жүлде иегері атанып, ел қоржының толықтырған болатын. Бүгінгі финалдық кездесулерден кейін жасөспірімдер санатындағы Қазақстан ерлер құрамасы жалпы есепте 2-орынға тұрақтады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<