Азия ойындары: бір үміт, бір күдік

465

0

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан XIX жазғы Азия ойындарының соңғы аптасы басталды. Оныншы жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан қоржынында 47 медаль бар. Оның 5-уі – алтын, 10-ы – күміс, қалған 32-сі – қола.

Қоржынымыздағы 3 алтынды бұған дейін мергендер салған болатын. Ал төртінші алтынды ескекшілеріміз алды. Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров каноэда 500 метр қашықтықта мәре сызығын бірінші болып кесті. Мұнан соң тас жолдағы веложарыста сынға түскен ел құрамасының көшбасшысы Алексей Луценко 48:05:75 уақыт көрсеткішімен Азиаданың алтынын еншіледі.

Қош. Байрақты бәсекеде Сыр өңірінің 23 спортшысы 13 спорт түрінен (бокс, дзюдо, грек-рим күресі, ауыр атлетика, каратэ, таэквондо, стенд ату, шахмат, маутинбайк, велотрек, е-спорт, гандбол, көгалдағы хоккей) бақ сынауда. Әзірге дозюдо спортының өкілдері жарап тұр.

Сыр елінен дүбірлі додадағы алғашқы жүлдені Мағжан Шамшадин алды. 60 келі салмақта өнер көрсеткен ол жартылай финалда Оңтүстік Корея спортшысы Харим Лиге есе жібергенімен, тәжікстандық балуан Мехрзод Суфиевті жеңіп, қазақ еліне қола жүлде тарту етті. Арасын ұзатпай Қытайдан тағы бір ақжолтай хабар жетті. Бұл жолы дзюдодан 81 келі салмақ дәрежесінде Абылайхан Жұбаназар үздік үштікті қорытындылады. Ол жартылай финалда тәжікстандық қарсыласы Соман Махмадбековке есе жіберді. Алайда сәтсіздіктен кейін қолаға қол созған спортшымыз үшінші орын үшін күресте өзбекстандық Мұса Собировтан басым түсті. Мұнан соң 100 келі салмақта Нұрлыхан Шархан әріптестерінің жолын жалғап, Оңтүстік Корея спортшысы Вон Джон Хунның жауырынын жерге тигізіп, қола жүлдеге ие болды.

Айта кететін жайт, Азия ойындарына Қазақстаннан дзюдо құрамасының сапына барлығы 7 спортшы енген. Солардың үшеуі қызылордалық болса, үшеуі де жүлделі орын иеленіп отыр.

Мұнан соң тағы бір жаңалық отандастарымызды қуанышқа кенелтті. Байрақты бәсекеде стенд атудан Қазақстанның әйелдер құрамасы қола жүлде иеленді. Құрама сапындағы үш спортшының бірі – жерлесіміз Айжан Досмағамбетова. Негізі құрамаға сырбойылық екі спортшы енген. Алайда бағы мен бабы келіскен үздіктердің  бәсекесінде Айжан биіктен көрінді.

Ал бокстан аса ауыр салмақта өнер көрсеткен Қамшыбек Қоңқабаев жартылай финалда үндістандық Нарендрді 5:0 есебімен ұтып, 2024 жылы Франция астанасы Парижде өтетін Олимпиада жолдамасын жеңіп алды. Ол бұған дейін бахрейндік былғары қолғап шебері Данис Латыповпен кездесу өткізіп, онда да 5:0 есебімен басымдыққа ие болған. Шабуылда ширақ, қорғаныста асқан сақтықпен жұдырықтасатын жерлесіміз ақтық сында өзбек боксшысы Баходир Жалоловпен алтын медальді сарапқа  салады.

Бұған дейін екі боксшы 9 рет жолыққан. 2019 жылға дейін Қоңқабаев 3:1  есебімен алда тұрған. Одан кейін жерлесіміз қатарынан алты рет ұтылды. Кеткен есені қайтарар сәт келген секілді.

Еске салайық, бұл байрақты бәсекеге елімізден 524 спортшы ел намысын қорғауға аттанды. Мұнда 30 спорт түрінен 305 медаль сарапқа салынуда. Сондай-ақ тәуір нәтиже көрсеткендер «Париж-2024» Олимпиадасына жолдаманы жеңіп алады.

Бір қызығы, Қазақстан 5 алтынмен үздік ондыққа енбей тұр. Бұған дейін ел құрамасы 1994, 1998, 2002, 2006, 2010, 2014 жылдары кемі 18 алтын алып, жалпы есепте үздік бестікке енген. Тек 2018 жылы 15 алтынмен 9-орынды қанағат тұтқан. Бүгінде мұндағы медальдардың жартысы сарапқа салынып бітті. Дегенмен, үздіктер қатарына кіруден үміт үзбейміз. Азия ойындары 7 қазанда аяқталады.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

*сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<