Байкенжеевтің бай мұрасы

2750

0

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Бексұлтан Байкенжеевтің 75 жылдығына орай Жаңақорған ауданы әкімдігінің қолдауымен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен Манап Көкенов атындағы мәдениет үйінде әнші-сазгерлердің «Сырдария» атты ІІ республикалық конкурсы өз мәресіне жетті.

Әншіліктің ұлттық бояуы мен өрнегі бұзылмай сақталған Сыр өңірінде қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, халқына қалтқысыз қызмет етіп, небәрі 44 жасында бақилық болған Бексұлтан Байкенжеевтің шығармашылығына арналған республикалық байқау өнерпаздар мен қатар аудан тұрғындарын да тәнті етті. Сонау жетпісінші жылдары болашақ композитор алғаш рет «Ақ баян» әнімен танылып, оны күміс көмей әнші Мәдина Ералиева республика көлеміне алып шығып еді. Талантты өнерпаз іле-шала «Ақ гүлім», «Ақ шолпан» әндерімен қатар «Құда болып жүрейік» әнімен тыңдарман жүрегін жаулады. Осылайша өнер әлеміне келген жаңақорғандық өнерпаздың есімі елге кеңінен танылды. Аталған дәстүрді қазір сазгердің ұлы Әбсұлтан Бексұлтанұлы лайықты жалғастырып келеді. Сонымен әнші-композитор Бексұлтанның шығармашылығына арналған байқауда әнші-сазгерлер мен әуесқой әншілер баян аспабының сүйемелдеуімен және халықтық нақыштағы әуендер орындауымен өнер сайысына түсті. Оған Алматы, Атырау, Түркістан облысы мен Сыр өңірінің өзінен бірнеше талапкерлер қатысып, бақ сынады.

Республикалық байқаудың қазылар алқасына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Дүйсенхан Сыздықов төрағалық етті. Екі кезеңде өткен республикалық конкурстың қорытындысы бойынша бас жүлдені Айбек Шүкіров (Қызылорда қаласы) иеленсе, І орын Берік Амантаевқа (Атырау облысы) берілді. Ал ІІ орынға Мұқасан Асқарұлы (Шымкент қаласы), ІІІ орынға Жарқынбай Деріпсалдин (Қостанай облысы) көтерілді. Сондай-ақ, әдемі өнер көрсеткен «Түркістан» триосы да көрермендер көңілінен шықты. Оза шапқан жүйріктерге алған орындарына сай қаржылай сыйлықтар табысталды.

Байқау соңында қазылар алқасының төрағасы Дүйсенхан Сыздықов, әнші, композитордың шәкірті Сауранбек Елеуов, қазылар алқасының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі Бағдагүл Есмұрзаева өз пайымдарын ортаға салды.

Әнші-композитордың шығармашылығына арналған салтанатқа жұртшылықтың сүйікті әншілері, Мәдениет қайраткері Үміт Медеуова және Мәдениет саласының үздігі Эльмира Қалқожаева арнайы келіп, Байкенжеевтің әсем әндерін тамылжыта орындады.

Талантты бағалай білетін ел-жұрты барда Бексұлтанның туындылары кейінгі ізбасарларының орындауымен халық жүрегінде сақталып, өміршең бола бермек.

Н.Назымханұлы.

Жаңақорған ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<