«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген халық даналығы бүгінде өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазіргі таңда медицина саласында ауруды емдеуден бұрын оның алдын алу, сондай-ақ халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға басымдық беріліп отыр. Осы бағытта еліміздің емханалары мен медициналық ұйымдарында «Денсаулық мектептері» табысты жұмыс істеуде.
Денсаулық мектебі – тұрғындарға өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды, аурулардың алдын алуды және созылмалы дерттерді тиімді басқаруды үйрететін оқу-ағарту алаңы. Мұнда білікті дәрігерлер мен мамандар тек теориялық мәлімет беріп қана қоймай, күнделікті өмірде қолдануға болатын практикалық кеңестер ұсынады.
Аталған мектептердің басты мақсаты – аурулардың алдын алу, олардың асқынуына жол бермеу және науқастардың медициналық сауаттылығын арттыру. Сабақ барысында қатысушылар өз денсаулығын бақылаудың қарапайым әрі тиімді тәсілдерін меңгереді. Атап айтқанда, қан қысымын өлшеу, қандағы қант деңгейін қадағалау, дұрыс тамақтану қағидаларын сақтау және дәрі-дәрмекті дәрігер нұсқауымен қабылдау мәселелері кеңінен түсіндіріледі.
Бағыттары әртүрлі.
Денсаулық мектептері түрлі бағытта ұйымдастырылады. Мәселен, қант диабеті мектебінде науқастарға арнайы диета сақтау, инсулин қолдану тәртібі үйретілсе, артериялық гипертония мектебінде қан қысымын тұрақтандыру жолдары мен күйзелістің алдын алу тәсілдері қарастырылады. Сонымен қатар, бронхиалды астма және өзге де созылмалы аурулар бойынша арнайы мектептер жұмыс істейді.
Денсаулық мектебіне қатысу арқылы әрбір азамат өз денсаулығы туралы жан-жақты ақпарат алып, өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік алады. Себебі өз ауруын жақсы білетін, оны дұрыс басқара алатын адам асқынулардың алдын алып, белсенді өмір салтын сақтай алады.
Қорытындылай келе, денсаулық – адам өміріндегі ең басты құндылық. Сондықтан әрбір тұрғын өз денсаулығына бейжай қарамай, жергілікті емханалар жанынан ашылған «Денсаулық мектептеріне» қатысып, пайдалы білім мен тәжірибе алғаны жөн.
Құндызай НАУРЫЗБАЙ,
Жалағаш аудандық емханасының
жалпы практика және аймақтық қызмет көрсету бөлімінің
аға мейіргері





