Ғасыр жүгін көтерген ғұмыр

7

0

Қуғын-сүргін жылдарын бастан өткеріп, жетімдіктің зарын тартып, Тынық мұхиты флотында шыңдалып, Қызылордада абыройлы қызмет атқарған Әлімбай Кудековтің өмір жолы – тұтас бір дәуірдің шежіресі. Ал оның жан серігі Сара Тағанова – сол шаңырақтың шырағын сөндірмей, ұрпаққа тәрбие мен мейірімнің, еңбек пен төзімнің үлгісін қалдырған аяулы ана. Бұл – қос тағдырдың, әулеттің, ұрпақ жалғастығының жүрекке жақын естелігі.

Биыл 1 мамыр күні әкем Ә.Ку­дековтің туғанына 100 жыл толады. Өмірден өткеніне 18 жыл болса да, уақыт озған сайын жүріп өткен жолының салмағы мен адамдық болмысының биігі бұрынғыдан да анық көрінеді.

Әкем үлкен, берекелі отбасында дүниеге келген. Алайда қуғын-сүргін мен аштық олардың шаңырағын ойрандап өтті. Аман қалу үшін отбасы Өзбекстанға ауа көшеді. Бірақ сол ауыр жолда әуелі ата-анасынан, кейін бауырларынан айырылып, бүкіл әулеттен жалғыз өзі қалады. Тағдырдың айдауымен Бұқараға келіп, балалар үйінде өскен. Осылайша жат шаһарда, жат ортада өмірінің жаңа кезеңі басталған.

Балалар үйіндегі сұрқай тіршілікте әкемнің жүрегіндегі өнер оты сөнбепті. Ескі суреттердің бірінде ол қызыл галстук тағып, барабан ұстап тұр. Сол барабаншы бала кейін де музыкаға жақын болды. Үйде мандолина мен домбыра тартып, қазақтың қоңыр күйлерін төгілтетін. Өзбек тілінде ана туралы ән айтқанда, даусы ерекше жұмсарып, алыста қалған балалық шағын сағынғандай әсер қалдыратын.

Ол 1943 жылы 17 жасында әскер қатарына алынып, Қиыр Шығысқа, Тынық мұхиты флотына жіберілді. Жеңісті 1945 жылы Владивостокта қарсы алғанымен, қызметі 1949 жылға дейін жалғасты. Сол жеті жыл мінезіне флотқа тән төзім, тәртіп, беріктік дарытты. Кейін әскери жолы әулетте жалғасын тапты. Немересі Әлібек бүгінде Санкт-Петербургте қызмет етеді, үшінші дәрежелі капитан.

Әкем 1949 жылы Қызылордаға келіп, ИТУ ЗК 169/2 мекемесіне қызметке орналасты. Бұл одақтық маңызы бар қатаң режимдегі колония болатын. Осы жүйеде 30 жыл еңбек етіп, қарапайым қыз­меткерден режимдік-оперативтік жұмыс жөніндегі басшылық қыз­метке дейін көтерілді. Ішкі қызмет майоры атанды, еңбек ардагері болды, «Ұлы Отан соғысында Гер­манияны жеңгені үшін» медалі және өзге де марапаттар алды.

Ол үшін ең үлкен атақ адам­дардың құрметі еді. Сотталғандар әділдігі үшін сыйлады. Заңды қатаң ұстанса да, адамды бағалады. Жас офицерлер үшін ұстаз болды, талай азамат кейін жоғары шен иеленді. Зейнетке шыққанда, ізіне адалдық пен ар-намыстың үлгісін қалдырды.

Үйіміз колонияның дәл іргесінде-тұғын. Екі қабатты ведомстволық үйде офицерлер отбасы тұрды. Біз сол ортада өстік. Қоршаудың ар жағындағы жандар мені «Капитанның қызы» деп атайтын. Бұл сөзде үрей емес, әкеме деген құрмет бар еді. Бостандыққа шыққан кейбір адамдар кейін үйге келіп, оған: «Рақмет, басеке!» деп алғыс айтатын.

Біздің шаңырақ тек отбасының ғана емес, сол заманның талай текті азаматтарының бас қосатын берекелі ордасы еді. Дастарқан басына Қызылорда өңірінің құ­қық қорғау саласында бүгінде «Қыл­мысты ашудың корифейлері» деп құрметпен аталатын тұлғалар жиі жиналатын. Біз үшін олар ресми атақ-дәрежесімен емес, бала кө­ңілге жақын Айтбай аға, Эдуард аға, Әбіласан аға, Әбдіразақ аға, Хамит аға болып қала берді.

Сол «аға» деген қарапайым сөзде ерекше ілтипат, шексіз сенім мен биік беделдің салмағы жататын. Қатал қызметтің жүгін көтеріп жүрген бұл кісілер біздің үйдің табалдырығын аттаған сәт­тен-ақ погондарын сыртта қалды­ратындай еді. Әңгіме желісінде хаттама да, қызметтік мәселе де емес, тек жастық шақтың естелік­тері, шынайы әзіл айтылатын, әкем домбыра шертіп, ән шырқайтын.

Солардың арасында ерекше орны бар тұлғалардың бірі – Айт­­бай Қазбеков еді. Өмірлік тәжі­рибесі мен кәсіби білігі ұш­тасқан, сөзі салмақты, беделі зор азамат болатын. Біз үшін мұндай жиындар ер-азаматқа тән адалдық пен достықтың қандай болатынын үнсіз үйрететін үлкен мектеп еді.

Әкелер салған сара жолдың жалғасы кейінгі ұрпақтан да көрініс тапты. Айтбай ағамыздың ұлы Артур Қазбеков әке жолын жалғап қана қоймай, офицерлік антына адалдығын ісімен дәлел­деді. Қызмет барысында биік кә­сібилігімен танылып, Байқоңыр қалалық ішкі істер басқармасының басшылығына дейін көтерілді.

Біздің орта расында да өзгеше еді. Бір дастарқан басында заң мен әділеттің түрлі саласында қызмет еткен тұлғалар отыратын. Солардың бірі Әбіласан Досмаил­ов, әділдігімен елге танылған, сө­зіне ешкім қарсы келе алмайтын беделді судья болатын. Тұлғасы әділет деген ұғыммен астасып жататын.

Оның ұлы Мұрат Досмаиловпен студенттік жылдары бірге білім алдық. Тіл мамандығын таң­дағанымен, әке тәрбиесі мен тегін­дегі жауапкершілік оны қауіпсіздік саласына алып келді. Абыроймен қызмет атқарып, ҰҚК полковнигі болып зейнетке шықты.

Біздің отбасылық естеліктері­міз­дің алтын арқауына айналған тағы бір жан Ануар Имандиев еді. Криминалист мамандығын жүрек қалауымен таңдаған ол ерекше қасиетке ие еді, кез келген сәттің сұлулығын көре білетін. Қолынан фотоаппараты түспейтін. Бүгінде ескі альбомдарды ақтарғанда ата-анамыздың жастық шағы, әкем­нің шахмат үстіндегі ойлы сәттері, домбыра ұстаған кейпі, біздің балалық күлкіміз – бәрі сол кісінің еңбегі. Ол жай ғана сурет түсірген жоқ, уақытты тоқтатып, тұтас бір дәуірді бізге аманат етіп қалдырды.

Әкемнің қызмет жолындағы әріптестері арасында тергеушілер де аз емес еді. Солардың бірі – Қуаныш Тоқмырзаев. Күрделі іс­терде шыңдалған, кәсіби шебер­лігімен танылған азамат болатын. Жылдар өте тағдыр бізді қайта та­быстырды. Оның қызы Жаннат Тоқмырзаевамен Байқоңырда қа­тар қызмет еттік.

ИТУ ЗК 169/2 мекемесінде әр қызметкердің орны ерекше еді. Солардың бірі – бас энергетик, аға лейтенант Бахадүр Әдізбаев. Әкем ол кісі туралы әрдайым құрметпен айтатын. Менің еңбек жолым да осы жерде басталды. Мектеп бітірген соң байланыс торабында телефонист болып жұмыс істедім. Кейін институтқа түскенде, Бахадүр ағамыздың інісі Бақытжан Әдізбаевпен бір топта оқып, студенттік жылдарды бірге өткіздік. Ол топ старостасы ретінде бәрімізге тірек болды.

Біздің екі қабатты колония үйі жай ғана тұрғын үй емес, тағ­дырлары тоғысқан адамдардың бе­рік қамалы еді. Көрші подъез­де Хамит Қайыповтың отбасы тұ­ра­­тын. Қызметте қатал, өмірде өте мейірімді жан еді. Балалары біз­дің бауырларымызбен бірге өсті, ауладағы ойындар, Сырдария жағасындағы жазғы демалыс, қыс­тағы мұз айдыны – бәрі ортақ естелікке айналды.

Жылдар өте бұл достық әріптестікке ұласты. Хамит ағамыздың балалары да әке жолын жалғап, Байқоңырда қызмет жасады. Біз де сол жерде бірге еңбек еттік. Балалық шақтағы достық пен әкелердің абыройы бізді тағы да табыстырды.

Біздің буын үшін 1 мамыр мен 7 қараша ерекше күндер болатын. Қала түгелдей мерекелік шеру алаңына айналып, қызыл жалаулар желбіреп, ән шырқалып, халық ерекше шаттанатын. Біздің отбасы үшін бұл күндердің мәні тіпті бөлек еді, яғни әкем мен анамның туған күндері болатын.

Салтанатты шеруден кейін мереке біздің үйде жалғасатын. Дас­тарқан басына туыстар, достар, әріптестер жиналып, шағын пәте­рімізде қуаныш пен тұтас дәуірдің рухы бір арнаға тоғысатын.

Уақыт өз дегенін жасады, сол заман да, шерулер де тарих қойнауына кетті. Бірақ сол күндердің иісі, анамның дастарқа­нынан тараған жылулық, әкемнің достарымен бірге айтқан әндері жүрек түкпірінде мәңгі сақталып қалды.

Үйге келгенде әкем ән айтатын, домбыра тартатын, шахмат ойнататын, кітап оқуға баулитын. Төрде шахмат үстелі тұратын. Ұлға да, қызға да бірдей талап қойып, ойлауға, сабырға, есеппен қадам жасауға үйретті. Біздің үйдің ең үлкен байлығы кітапхана еді. Энциклопедиялар мен «Керемет адамдардың өмі­рі» сериясындағы кітаптар – бүкіл ау­ла балаларының ор­тақ қазы­насы. Бізге берілетін ең қым­бат сыйлық та кітап болатын.

Әкем табиғатты ерекше жақсы көрді. Аңшылық пен балықшы­лық­қа жақын болды, бірақ олжа деп аңды оңды-солды ауламайтын, тіршілік иелеріне жанашырлықпен қарады. Жаралы қоян, кішкентай үкі немесе тірі балық әкеліп, бізге әлсізге қамқор болуды ісімен үйрететін. Сол арқылы мейірімнің не екенін түсіндік.

Анамыз Сара үйдің алтын қа­зығы еді. Ол 1936 жылы көпба­лалы отбасында дүниеге келген. Дәрігер болуды армандаға­нымен, өмір жо­лы оны тігіншілікке, кейін әкем қызмет еткен мекемеге алып келді. Бірақ біздің үйдің нағыз шипагері еді. Алты баланы тәрбиелеп өсіріп, қатал тәртіп пен шексіз мейірімді қатар ұстай білді.

Ата-анамыз 1955 жылдың ақпанында шаңырақ көтерген. 1964 жылы Қызылордадағы Куйбышев көшесіндегі екі қабатты үйге көштік. Анам жұмыс істеді, үй шаруасын да алып жүрді, бізді тәрбиеледі. 1966 жылы егіздер дүниеге келді. Соған қарамастан, ол бәріне үлгерді. Үйде әркімнің міндеті болатын: тазалық, тәртіп, еңбек. Анамның суретінің мектептегі Құрмет тақтасына ілінуі біз үшін зор мақтаныш еді. Оның «Батыр ана» атағы ‒ өлшеусіз еңбегінің заңды бағасы.

Түнде отырып бізге, туыстарға, көрші-қолаңға киім тігіп беретін. Қолынан шыққан көйлектері әсемдікке, талғам мен ұқыптылыққа үйретті. Сондай-ақ қыстың күндері кешкісін әңгіме айтып, үй ішін күлкіге толтыратын. Айналасына адамдар тез үйірілетін, барған жерінен дос тауып келетін.

Біздің отбасымыз үшін дастарқанның орны бөлек болды. Әкем қолдан жайылған жұқа кеспені ерекше жақсы көретін. Бүгінде сол дәстүрді жалғастырып келеміз. Бауырларым жиналғанда, міндетті түрде ет асамыз. Бұл – сағыныштың, бірліктің белгісі.

1993 жылы ата-анамыз Байқо­ңырға қоныс аударды. Бізге қал­дырған білімге құрмет, еңбекке адалдық дәстүрін сақтап, бәріміз жоғары білім алып, офицерлік жол­ды жалғадық. Әулеттен майорлар, подполковниктер шық­ты. Менің ұлым Қуаныш та Отанға қызмет етіп үлгерді.

Бүгінде ата-анамыз, ағалары­мыз, інілеріміз, келініміз, ұлымыз арамызда жоқ. Әулетте 11 немере, 13 шөбере өсіп келеді. Егіз ініміз­дің ұлдары Байқо­ңырдағы МАИ-да білім алып жүр. Бұл да ‒ ата мен әженің аманатына адал­дықтың бір белгісі.

Ұрпақтарымыз Ресейде, Америкада өмір сүріп жатыр. Бірақ қай жерде жүрсек те, бәріміздің тамырымыз бір. Ол ‒ қуғын-сүргіннің ауыр кезеңінен аман өтіп, флотта шыңдалып, Қызылордада абыройлы еңбек еткен Әлімбай Кудековтей әкенің, алты баланы тәрбиелеп, шаңыраққа мейірім мен тәртіп, өнер мен өнеге сыйлаған Сара Тағановадай ананың тамыры.

Қандай дауыл соқса да тамы­рынан ажырамаған, қандай заман туса да адамдық қалпын жоғалт­паған осындай тағдырлар ұлт жа­дында мәңгі сақталуға лайық. Бұл әулеттің тарихы – тек бір шаңы­рақ­тың шежіресі емес, тұтас бір ке­зеңнің шындығы, төзім мен табан­дылықтың, мейірім мен парасаттың көрінісі. Өскелең ұрпақ сол өмір жолынан сабақ алып, өткеннің аманатын жүрекпен сезіне білсе, ғұмырдың зая кетпегені. Уақыт алыстатқанымен, осындай асыл қасиеттер ұрпақ жадында жаңғы­рып, әулеттің рухани өзегін әлі талай жыл қуаттандыра бермек.

Камила ӘЛІМБАЙҚЫЗЫ