Аудандағы үздік білім ошағы

5

0

Жалағаш ауданындағы әл Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінде шәкірттерге уақыт талабына сай жан-жақты білім беру ісі жолға қойылған. Оның басты көрінісі, мектеп-лицей заманауи кабинеттермен қамтамасыз етіліп, қазіргі сандық-техникалық құралдарды пайдалану арқылы әрбір пәнді терең үйретуге сай жабдықталған. Нәтижесінде, жас өрендер ЖИ-ді меңгеріп, өз мүмкіндіктеріне сәйкес жаңалықтар ашып, жетістіктерімен танылып жүр.

Иә, отыз жылдан астам тарихы бар мектеп-лицейде 154 мұғалім 1025 оқушыға білім беріп, жас ұрпақ тәрбиелеуде же­місті еңбек етіп келеді. Бі­лім ошағында оқушылардың шы­ғармашылық әлеуетін, мате­матикалық дайындық деңгейін дамыту мақсатында ашылған IT математика жобасы жүйелі жұмыс жүргізеді.

Мектеп-лицей жыл сайын «Білім бәйтерегі», «Табыс­ты мектеп», «Білімнің биік тұ­ғы­ры», «Үздік инновациялық мектеп» сынды бірнеше жүлделі аталымдарды иеленіп келеді. Мысалы, 2023-2024 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық, рес­публикалық олимпиадаға 12 оқушы қатысып, оның 8-і же­ңімпаз атанып, ІІ, ІІІ орын­дарды иеленді. Сондай-ақ бірінші рет өткізілген ауыл мектептеріне арналған пәндік олимпиадада 32 оқушы облыстық кезеңнен жүлделі орындарды жеңіп алды. Ал республикалық кезеңге жолдама алған 4 оқушының 2-еуі І орын, 1-еуі ІІ орын, бір оқушы Алғыс хат алды. Ғылыми жобалар шығармашылық сайысы бойынша 10 оқушы облыстық кезеңде жүлделі орындардан көрінсе, оларды дайындаған ұс­таздардың бірі Раушан Атау­лиева «Үздік сынып жетек­ші-2024» республикалық бай­қа­уына қатысып, ІІ орын иегері атанды.

Ұстаздардың үздіксіз ізде­нісі, табанды еңбегі мен оқу­шы­лардың жоғары жетістік­терінің нәтижесінде мектеп-лицей 2023-2024 оқу жылының қоры­тын­дысымен «Орта білім бере­тін үздік ұйым» облыстық кон­курсының жеңімпазы атанып, 34 млн теңгенің сертификатын иеленді.

Бұдан бөлек, білім ошағы 2023-2024 оқу жылында ауыл мектептері оқушыларына ар­нал­ған жалпы білім беретін пән­дер бойынша республи­ка­лық олимпиадада көрсеткен жо­ғары нәтижелері үшін «Ең үздік ауыл мектебі – 2024» ата­ғын иеленген болатын. Ал 2024-2025 оқу жылы осы олим­­пиа­­даның республикалық кезе­­ңіне 8 оқушы қатысып, бар­лығы да жеңіс тұғырынан табылды. Мектеп-лицей ұжы­мы рес­публика деңгейінде «Ең үздік ауыл мектебі» аталымын екінші мәрте жеңіп алды. 

Өткен оқу жылында «Зерде» республикалық зерттеу жобалары конкурсының аудан­дық кезеңінде 31 оқушы жүл­делі орынға ие болса, облыс кө­лемінде 6 оқушы жүлдегер ата­нып, республикалық кезең­ге 2 оқушы жолдама алған болатын. Сон­­­­дай-ақ жалпы білім бе­ре­тін пәндер бойынша рес­пуб­­ликалық ғылыми жобалар байқа­уының аудандық кезе­­ңін­де 6 оқушы, облыс көле­мінде 2 оқушы жүлдегер атанып, марапат иеленді.

Жоғарыда айтып өткені­міздей, мектеп-лицейге «Қазақ­стан халқына» қоры арқылы 250 млн теңге бөлініп, бірнеше пәндік кабинет заманауи қа­жет­ті құрылғылармен және са­бақ барысында пайдаланылатын дидактикалық материал­дармен жабдықталған. Соны­мен қатар, мұғалімдер де шы­­ғармашылығын дамытып, кә­сіби біліктілігін арттыруға мүм­кіндік алған.

Білім беру ұйымының тағы бір жетістігі, 2025 жылдың қаң­­­тар айынан бастап мектеп шеберханасында тігінші жә­не аспаз кәсібі тереңдетіп оқы­­ты­лады. Дәлірек айтсақ, мұнда білім алып жатқан жасөс­пірімдер мектеп бітірген уақы­тында аттестатпен бірге кәсібіне сәйкес сертификат иеленеді.

– Биылғы 2025-2026 оқу жы­лында аудандық түрлі бай­қау­ларға, олимпиада, ғылыми жобаларға 97 оқушы, облысқа 58 оқушы, республикалық ке­зеңге 6 оқушы қатысып, І, ІІ, ІІІ орындарды иеленді. Әри­не, бұл жетістіктердің ар­тын­да ұстаздар еңбегі тұрғаны бел­гілі. Осы орайда мектеп мұға­лімдері де кәсіби бай­қау­лардан аудан, облыс, рес­публика көлемінде жо­ға­ры марапат төрінен көрін­генін атап өткеніміз жөн. Атап айтсақ  «Үз­дік авторлық бағ­дар­­лама-2025» байқауында Ро­­за Абд­рах­ман­ова, «Дарынды ба­­лаға та­лантты ұстаз» олим­пиада­сын­да Бақдаулет Әбді­ғали, «Oi-Sandyq» оқу және ма­тема­тика­лық сауаттылықтан қазақ тілі мен математика пән­дері мұғалімдеріне арналған зият­­керлік байқауында Махмуд Ермак сынды мұғалімдер жүл­делі орындар иеленді, – дейді мектеп-лицей директоры Айнұр Ай­босынова.

Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында ауыл мектепте­ріндегі оқушыларға қала мек­теп­терімен бір деңгейде білім беруді қалыптастыру қа­­жет­тігін айтқан еді. Бұл тұр­ғы­­да Жалағаш кентіндегі әл Фараби атын­дағы №201 мек­теп-ли­це­йінде жүйелі жұмыс­тар қолға алын­ғанына көз жет­кізе отырып, жемісті қадамы жалғаса­тынына се­нім­діміз.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»