Байланыс нығаюда

515

0

БҰҰ-ға еліміз 1992 жылдың наурыз айында мүше болды. Содан бері еліміздің сыртқы байланысы нығайып, инвестиция тарту жолға қойылды. Жыл сайын Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында шетелдік және отандық инвесторларды тарту міндетін жүктеуде.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова еліміздің шет мемлекеттермен сыртқы байланысы туралы баяндады.

– Мемлекет басшысы 2025 жылы жалпы ішкі өңірлік өнім көлемін 30 процентке жеткізу міндетін жүктеді. Осы мақсатта Үкімет тарапынан өңірлерге қойылған арнайы тапсырмалар бар. Біздің облысқа алдағы бес жыл ішінде 5 триллион қаржы инвестиция тарту міндеті көзделді. Биыл өңірге 186 млрд теңгеден аса инвестиция тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,1 процентке артқан. Нақты кезеңде аймағымызда өңдеу өнеркәсібі саласында 40-қа жуық экспорттаушы кәсіпорын жұмыс істейді. Биыл облысқа Литва Республикасы елшілігінің делегациясы, мамыр айында Өзбекстан Республикасының Бас консулы, қыркүйекте Корея Республикасы Бас консулының іссапары ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Қызылорда қаласы және Франция Республикасының Ножан-сюр-Марн қаласы арасында бауырластық байланыстар орнату туралы келісімге қол қойылды.

Бұл – Қазақстан мен Франция арасында саяси және мәдени саласындағы ынтымақтастық пен тарихи байланыстардың айқын көрсеткіші. Алдағы уақытта экономикалық даму сипаты біздің өңірге ұқсас Корея Республикасының Чоллабук-до провинциясымен меморандум жасау көзделуде. Осындай іс-шаралар шет мемлекеттермен өзара ынтымақтастың одан әрі нығаюына және сауда-экономикалық байланыстардың дамуына зор серпін беретіні сөзсіз, – деді ол.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<