Байланыс саласының білгірі

937

0

Жаратқанның пәрменінің алдында жұмырбасты пенденің қолынан не келсін?! Ардақты жанды ажалға қимасақ та, тағдырға мойынсұнамыз. Бабаларымыз айтып кеткен, қамшының сабындай келте ғұмырда кімнің қанша өмір сүрері, дәм-тұзының қашан таусылары бір Аллаға ғана аян.

Еліміздегі байланыс саласының өр­кен­деуіне зор үлес қосқан Қаршыға Егіншібаев – тынымсыз тірлік пен қажыр-қайратты ұштастыра білген тұлға еді. Сырдың абзал азаматы биылғы шілдеде қайтпас сапарға аттанды.

Қаршыға Күзембайұлы 1947 жылдың 1 қарашасы күні дүниеге келген. Ғибратты ғұмыр кешкен ол ел-жұртының есінде байланыс саласына еңбек сіңірген жан ретінде қалды. Өз ісінің майталманы, талай келелі істің үйлестірушісі болды. Өз дәуірінің қиындығын сезініп, еңбекке ерте араласып, маңдай тердің қадірін ұғынған ол жауапкершілік жүгін арқалауға тайсалмайтын. Отан ал­дын­­дағы үшжылдық борышын өтеп келі­сімен ауыл тірлігіне белсене араласты.

Қ.Егіншібаев еңбек жолын туған жері Арал ауданы, Қамбаш елді мекендегі байланыс торабында оператор болып бас­тады. Алматы қаласындағы байланыс техникумын үздік бітірген жас маман ұжымда еңбекқорлығымен, белсенді­лігімен көзге түсіп, басшылықтың қол­дауымен бөлімше бастығы қызметіне дейін көтерілді. Ал 1983 жылы Арал аудандық байланыс торабы бастығының орынбасары болып тағайындалады. 24 жасында басшылық қызметке келген соң жоғары оқу орнында білім алуды ойлап, Алматы қаласындағы Экономика және басқару академиясы – Еуразия нарық институтында оқып, экономист мамандығын алып шығады. 

 Ол ұзақ жылдар бойы «Евразия-пресс» мекемесін басқарды. 1990 жылдың басындағы жағдай баршаға белгілі. Еліміз нарықтық жүйеге көшкен соң жос­парлы экономика күйреп, ақыры Кеңес Одағы ыдырап тынды. Ал жұртшылық нарық заңын бірден түсіне қойған жоқ. Ол облыс орталығында алғашқылардың бірі болып «Қызылорда Евразия-пресс» ЖШС-ін құрып, директоры болды. Серіктестіктің негізгі жұмысы – аймақ тұрғындарын мерзімді баспасөзге жаздыру және тарату. Ол өзінің басқа­руындағы мекеме жұмысын бір жүйеге түсіріп, халыққа республикалық, облыс­тық және аудандық ресми газеттерден басқа халықаралық журналдарды жаз­дырып, оқырманға уақытылы жет­кізу ісіне басшылық жасады. Сонымен қатар, республикалық «Ел тілегі» газеті мен «Жарасымды жанұя» журналының құрылтайшысы болды. Замандастары ортасында баспасөздің шебер ұйым­дастырушысы атанды. Осындай сан салалы қызметте жүрсе де өзінің қарапайым­дылығынан бір танбады. Отбасында көрген тәрбие мен өнегелі ісі қадірін арттырды, абырой әперді. Адалдықтың ақ туын нық ұстап, сенімін серік еткен қайсар тұлғаға өмірдің суығына сабыр етіп,  ыстығынан ысылып шығуға күш берген де адал еңбек пен көптің тілегі десек, артық емес.

Бар күш-жігерін жұмсаған салада еңбегі ескерілмей қалмады. Қаршыға Егіншібаев «ҚР Үздік байланысшысы» медалімен, ТМД мемлекеттерінің «Кедендік Одақ елдерінің құрметті азаматы» белгісімен, сондай-ақ, «Қазақстан экономикасының жұлдызды даңқ» орденімен марапатталды. Абырой биі­гінде жүріп, өзінің мақсат-мұратын, алға қойған талап-ниетін әсте ұмытпады. Замандастарының арасында сол болмысымен қадірлі еді. Сертіне адал, уәдеге берік жан бір басына жетерлік жетістік мен беделге ие болды.

Өзінің иірімді ойлары, терең қабілеті, кемел сөзімен ел-жұрттың назарын аудара алатын Сыр елінің айтулы ақсақалына айналды. Қандай мәселе болмасын ше­шендердің сарқытындай салиқалы ше­шімін айтып, ел сүйіспеншілігіне бөле­нуші еді.       

Қазақта «Ердің қосағы оңбай, қосы түзелмейді» деген даналық сөз бар. Қаршыға Күзембайұлының абыройын асырып, тілеуін тілеген жары да бақ-берекенің ұйтқысына айналған. Аралкүл анамыз өмір бойы жарына тілекші болып, қалаған ісімен алаңсыз айналысуға бар жағдайды жасай білді. Үйдегі тірлікті өзі тындырып, бар жауап­кершілікті өзіне алды. Ақылына ажары сай, пайымына парасаты астасқан жары жолдасының  жүрген ортасында беделінің биік, мәртебесінің зор болуына күш салды. Абырой мен жақсылыққа кенелуіне үлкен үлес қосты. Әулеттің алтын қазығы болған Аралкүл анамыз да жолдасы Қаршығаның ізінен кете барды. Бұл да Алланың ісі шығар…

Елдің сенімі мен құрметіне бөленіп, абыроймен ғұмыр кешкен Қаршыға Егіншібаев пен жары Аралкүл Сартаева балаларына жақсы тәрбие беріп, қоғам­ға қосты. Олардан тараған 5 перзент бүгінде бір-бір отау иесі болып, әр салада жемісті еңбек етіп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жүр. Бұл – әкенің қаны мен тәрбиесі, ананың ақ сүті мен аялы алақанының жемісі. 

Жанар ШҰҒЛАНОВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<