Байқоңыр: Баспана, бастама, бағыт

254

0

Байқоңыр қаласындағы көші-қон мәселесі мен баспана жайы жиі қозғалатын тақырыпқа айналды. Жұлдызды қаланың ерекше статусы аталған олқылықты бір пәрменмен шешуге мүмкіндік бермесе де, әлсін-әлсін ретке келтіруге қол жеткен. Үкімет те аймақтағы азаматтардың құқығын қорғап, әлеуметтік салада сілкініс жасауға талпынуда. Соңғы жылдары кұрылыс қарқын алып, тұрғын үй саны артқан. Мұны Байқоңырға сапар барысында тағы байқадық.

Ел құлағы түрік. Жаңалық болса, жарыса хабарлап, өзгерісті қапы жібермейді. Арасында негізсіз ақпар, толымсыз мәлімет те жоқ емес. Мысалы, жақында «Ресей азаматтары Байқоңырдан үдере көшіп жатыр екен» деген ақпар тарады. Басым дені әлеуметтік желіде көбейгенімен, халық түрлі реакция білдірді. Көбі үмітпен қараған секілді. Бұл ұлтараздық немесе жат пиғыл емес. Халық саны азайса, коммуналдық төлем азая ма, баспаналы болуға мүмкіндік бола ма деген аңғал үміт. Себебі бәрі тығыз байланысты, мұндағы төлемнің тарифі бөлек, талап басқа.

Көшу – қалыпты құбылыс

Қазір Байқоңыр қаласында 56,9 мың адам тіркелген, оның ішінде 40 мыңнан астамы Қазақстан азаматы болса, 15 мыңы Ресейдің үлесінде. Ел айтқан «үдере көшу» үрдісі осы 15 мың ресейлікке қатысты шыққан мәлімет. Алайда бұл қаладан қашып жатыр дегенді білдірмейді, керісінше заңды құқығын пайдаланып, Ресейге қоныс аударуда. Олай дейтініміз, қоныс аударушы азаматтарына көрші елдің жасаған қолайлы жағдайы бар.

Байқоңыр қаласы әкімшілігі жылда Ресейге қоныс аударатын халықтың тізімін түзеді. Биыл тізімге қоныс аудару кезегінде тұрған 315 отбасы кіріп отыр. Кезекте жоқ отбасылар да бар. РФ Қорғаныс министрлігі, ТЖМ, ІІМ-де жұмыс істейтіндер де кезектен тыс көшірілмек. Нәтижесінде, 789 адам кезекке тұрған.

Осы орайда «бұл не кезек, қандай артықшылығы бар?» деген сауал туындауы орынды. Мәнісі мынада, РФ президенті 2021 жылғы арнайы жарлыққа қол қойған. Соған сәйкес, Байқоңырдағы ресейліктер өз отанына оралса, әлеуметтік төлем төленеді. Қоныс аударушы сол төлеммен Ресей аумағынан үй сатып алуына жағдай жасалған.

Мұны облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай да растап, алайда ресейліктердің қоныс аударуы қалыпты құбылыс екенін жеткізді.

– Байқоңыр қаласындағы ресейлік азаматтардың елден көшуі – қалыпты құбылыс. Аталған азаматтар арнайы әлеуметтік көмек алып, Ресейден тұрғын үй алуына болады. Мұндай мүмкіндікті пайдаланатын байқоңырлықтар бар,– деді арнаулы өкіл.

 Байқоңыр қаласы әкімшілігінің Азаматтарды қоныс аударту бөлімінің мәліметінше, бұл төлем Ресейге көшетіндердің бәріне бірдей берілмейді. Оны алатындар санатына «Байқоңыр» кешенінің аумағында, федералдық меморгандарында, кәсіподақта, зымыран-ғарыш өнеркәсібінде 10 жылдан астам қызмет істегендер ғана жатады. Оған қоса, РФ-нің ең кемі 50 пайыз үлесі бар ұйымдарда еңбек еткендер де бағдарламаға қатыса алады. Бүгінде Байқоңыр қаласының әкімшілігі 2025 жылы Ресейге қоныс аударатындардың кезегін қарастыруға кіріскен.

Тұрғын үй төлемі төмендей ме?

Енді көші-қон процесінің тұрғын үй төлеміне нендей қатысы барын айтайық. Халықтың үміт артқаны – Ресей тарапы тұрғын үйдің айлық төлемін қайта қараса деген тілек. Олай дейтіні, азаматтар Байқоңыр аумағында орналасқан Ресей балансында үйлерді жалға алады. Ай сайынғы төлемді теңгеге шақсақ, 50 мыңнан асып жығылады. Оның үстіне инфрақұрылым, тұрғын үйлерді жаңарту қолға алынбағандықтан, үйлердің күйі кеткен. Көбі ескіріп, апатты жағдайға жеткені де бар.

Оған себеп жоқ емес, Байқоңыр қаласының тұрғын үйлері 1955 жылдан бастап пайдалануға берілген. Жарты ғасырдан астам тарихы бар нысандардың 70 пайызының тозығы жеткен. 2021 жылы Қазақстан тарапы тұрғын үй мәселесін шешу үшін бюджеттен қаржы бөліп, шаһарда «Нұрлы жер» бағдарламасын қолға алды. Нәтижесінде Байқоңыр қаласының 7 «А» ықшам ауданында елу пәтерлі бес тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Оған қоса, сумен жабдықтау, су бұру жүйелерін қайта құру және жаңғырту мақсатында 11,4 шақырым кәріз желілері жаңғыртылған болатын. Тұрғын үй негізінен әлеуметтік осал топтағы Қазақстан азаматтарына берілген.

Осы орайда мемлекет қолдауына ие болып, ықшам ауданнан бой көтерген тұрғын үйден баспаналы болған байқоңырлық Аида Сейловамен жолыққан болатынбыз. Тұрғын баспана кезегін көп күткенін айтып, жобаны жастарға жасалған мүмкіндікке теңеді.

– Пәтер кілтін алғанда қуанышымызда шек болмады. Мемлекет тарапынан жасалған қолдау мен қамқорлықты сезіндік десек, артық емес. Себебі біз секілді жас отбасыға баспаналы болу бұрыннан арман еді. Қай бағдарлама талабына сәйкес келеміз, қандай талап болады деген ой мазалайтын. Сәті туып, «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған №4 тұрғын  үйден баспана бұйырды, – деді Аида Жаңабекқызы.

Қалада аталған бағытта жұмыс жалғаспақ. Бүгінде Үкімет Байқоңыр қаласы әкімшілігімен бірлесіп, жобаны ілгерілетпек. Байқоңырдағы арнайы өкілдік мәліметіне сүйенсек, шаһардың Бас жоспарына сәйкес биыл бес тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Бірінші тоқсанда сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін одан әрі жаңғырту басталды.

Сонымен қатар коммуналдық тарифтерді түсіру бағытында Байқоңыр қаласының әкімдігі қаланың жылу-электр стансасын негізгі мазут отынынан газға ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын алға тартады. Жылу-электр стансасын газдандыру жұмыстары 2027 жылы толығымен аяқталады деп жоспарлануда екен. Бұл жұмыстар қаладағы пәтер ақысына әсер етіп, қазақстандықтардың баспаналы болуына жағдай туғызады.

– Өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасымен қаладағы тұрғын үй қоры мен инфрақұрылым жүйелеріне тексеру жүргізілді. Арнайы жұмыс тобы Байқоңыр қаласы әкімшілігімен бірлесіп, инфрақұрылым жүйелерін жетілдірудің тетіктерін қарастырған болатын. Соған сәйкес біршама бастама қолға алынды.

Мәселен, «Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау туралы келісімге сәйкес барлық көппәтерлі тұрғын үйді газдандыру жүргізілді. Бұл өз кезегінде табиғи газдың қолданыстағы тарифін 16 есеге төмендетіп, облыс көрсеткішімен теңестірді. Қаланың газбен жабдықтаушы ұйымы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бөлімі табиғи газ тарифін халық үшін – 16,3 тг/м3, кәсіпорын үшін 18,3 тг/м3 көлемінде бекіткен, – делінген Байқоңыр қаласының арнайы өкілдігінің мәліметінде.

Айта кетерлігі, еларалық келісімге сәйкес, коммуналдық желілер облыс меншігіне алынған. «Байқоңыр қаласында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта құру және жаңғырту» жобасы жүзеге асырылуда. Алғашқы кезеңде 11,4 шақырым кәріз желісі қайта жаңартылса, 2024-2026 жылдары бұл бағыттағы жұмысқа 12 млрд теңге бөлу көзделген.

Жалпы биыл облыста  тұрғын үй құрылысы қарқынды. Бүгінде 11 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Мұны бұған дейін облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Мәди Әліп растаған болатын.

– 2024 жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 701,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланған. Тұрғын үй құрылысына облыстық бюджеттен 2,3 млрд теңге қаржы бөлінді. Бюджеттен бөлінген қаржыға 754 пәтерлі 11 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде Байқоңыр қаласындағы 5 тұрғын үй мен Қызылорда қаласындағы жеті қабатты 6 тұрғын үй бар, – дейді Мәди Раманқұлұлы.

«Қайтқан нысанда қайыр бар…»

Байқоңырдағы тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар жетіспеушілігін шешудің тағы бір тетігі – ғимараттарды Қазақстан меншігіне қайтару. Бұл практика бұрыннан болғанымен, соңғы жылы қарқын алды. Мәселен, жуырда «Байқоңыр» ғарыш кешені мен қала аумағындағы 200-ден астам нысан Қазақстанға қайтарылды. Әрине, көбінің тозығы жеткен, ескірген. Үкімет бардан құрап, нысандарды жүйелі жолға қоюға ниетті. Сол мақсатта  қайтқан нысанды кәсіпкерлерге беріп, шағын және орта бизнесті дамытуды көздеген.

Есте болса, Үкімет басшысы Олжас Бектенов Сенатқа жолдаған жауап хатында мән-жайды барынша ашық жеткізген болатын. БАҚ-та жарияланған мәліметтен аңғарғанымыз, қайтарылған нысандар жұмыс орнын ашу, кәсіпкерлікті ілгерілетуге мүмкіндік бермек.

«Салаға инвестиция тарту үшін инвесторлардың «Байқоңыр» кешенінің объектілеріне баруы ұйымдастырылатын болады. Ресей тарапы жалға алған нысандар құрамынан шығаруға ниетті 234 нысанның жаңа тізбесін ұсынды. Олардың базасында 300-ге жуық жаңа жұмыс орнын құра отырып, өндірістерді ұйымдастыру жоспарлануда», – деді О.Бектенов.

P.S. Байқоңырдағы ел азаматтары қараусыз қалмайды. Қолдау жүйелі жүріп, болашақта жаңа тұрғын үй, әуежай, кәсіпкерлік нысандар салу жоспары қолға алынбақ. Мұның бәрі халық әлеуетін көтеріп ғана қоймай, жұлдызды қалашықтың туризмін ілгерілетіп, тамырына қан жүгіртпек.

Ерсін ШАМШАДИН,

«Сыр бойы».

Қызылорда-Байқоңыр-Қызылорда

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<