Бала тәртібін бақылау әлсіресе…

497

0

Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінде кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөнінде облыстық білім басқармасының бірлескен мәжілісі өтті.

Мәжіліске облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет және қалалық білім бөлімінің басшысы Ерлан Боданов қатысты.

Күн тәртібінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар, суицид, ерте жүктілік, білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмыстары мен құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері қаралды.

Облыстық білім басқармасының басшысы №217 ІТ мектеп-лицейіндегі жасөспірімдер арасында орын алған жағдайға байланысты мектеп басшыларына қатаң ескерту берді.

– Білім беру ұйымдарында тәрбие жұмыстарын жандандыру қажет. Мұның барлығы мектеп басшысына және жауапты мамандарға  байланысты. Осы орайда құқықбұзушылыққа бейім оқушыларды анықтап, олармен жұмысты күшейту керек. Мектеп қабырғасында жасалған құқықбұзушылық оқушылардың болашағына кері әсер етеді. Сол себепті олардың әрбір іс-әрекетіне баса мән беру қажет, – деді ол.

Жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Ғ.Нағыметов білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік пен құқық бұзушылықтың алдын алу, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары М.Мирзанова кәмелетке толмағандар арасындағы суицид пен ерте жүктілік мәселесі туралы баяндама жасады.

Ал қалалық білім бөлімінің басшысы Е.Боданов жасөспірімдердің құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстарды баяндап, болған оқиғаға байланысты пікір білдірді.

– Облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөлімі жұмысшы тобын құрып, оқиғаның мән-жайын анықтады. Белгілі болғандай 11 сынып оқушысы мектепке ешқандай суық қару алып келмеген. Үшінші сабақтан кейінгі үзіліс кезінде балалар сыртқа шығып жанжалдасып қалған. Жасөспірім темір тектес үшкір затпен сыныптасына жеңіл дене жарақатын салған. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдікті жасөспірім қалалық полиция бөліміне жеткізіліп, ата-анасына тапсырылды, – деді ол.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов білім беру ұйымдарына әкелуге тыйым салынған және пайдалануы шектелген заттар туралы министрлік бұйрығының орындалуын қатаң сақтау қажеттігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, №217 ІТ мектеп-лицейіндегі оқиғаға байланысты әкімшілік бақылауды әлсіреткені, өз міндеттерін орындамағаны үшін қалалық білім бөлімінің, аталған мектептің басшыларына, жауапты қызметкерлерге қатаң шара көруді тапсырды.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<