Бала танымының сөресіне қос сыйлық қосылды

991

0

«Балалар жылы» деп жарияланған бір жылдың да белесінен өтіп бара жатырмыз. «Балалардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі» деген болатын ел Президенті. Осы сөзді басты назарға алған қоғам балаларды қорғау, денсаулығын сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерінде мәнді жұмыстар атқарды. Сондай игі істің бірін қолға алған «ASU» баспа үйі» ЖШС алғаш рет отандық анимациялық фильмдердің бояу кітапшаларын шығарды.

Кеше Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, «Қызылорда қаламгерлер қауымдастығының» ұйымдастыруымен «Балапан» телеарнасының «Сиқырлы тас», «Әл Фараби» мультсериалдары бойынша шығарылған бояу кітапшалардың тұсаукесері өтті.       

Тұсаукесер рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов қатысып, сөз сөйледі.

– Бала – елдің болашағы, әр ата-ананың үміті. Балалардың тәрбиесі мен дағдысын қалыптастыру – баршамыздың міндетіміз. Биылғы жылды Президент «Балалар жылы» деп жариялауы келешек иелеріне жасалған мол жақсылықтың бастауы болды. Бүгінгі игілікті іс те соның бірі. Балалар өзінің жеткізе алмаған  сөзін  сурет  өнері арқылы айтады. «ASU»  баспа үйі» дайындаған кітапшаларда сондай мүмкіндіктер жасалған. Сондай-ақ, балаларымыз екінші ұстаз Әбу Насыр әл Фараби бабамыз туралы мағлұмат алып, ұлы ойшылдың қанатты сөздерін көңіл зердесіне тоқиды, – деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.

Сонымен бірге, балаларға базарлық есебінде жасалып отырған «ASU» баспа үйінің» өнімдеріне ризашылық білдірді.

Мұнан соң облыстық мәслихат депутаты, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры А.Оңғарбаев сөз алып, балаларға арналған бұл жобаның баспа саласында ширек ғасырдан аса тәжірибесі бар «ASU» баспа үйі» мен «Балапан» телеарнасының арасында жасалған келісім-шарт негізінде өмірге келгенін айтты.

Өз жұмысын 1997 жылы кеңестік цензураға ілігіп, шаң басқан архивте қалған Зейнолла Шүкіровтің «Сыр бойы» романын жарыққа шығарудан бастаған «ASU»-дың осы жолда тынбай еңбектеніп келе жатқанын жеткізді және баспа қызметкерлеріне алғыс білдірді.

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық  колледж оқытушысы Айнұр Қарамұрзаева балалардың болашағына бей-жай қарамайтын зиялы қауым өкілдерімен бірлесіп игі жұмыстар атқаруға әрқашан да қуанышты екенін жасырмады.

Ал, «ASU» баспа үйі» ЖШС директоры Қасымхан Қыдырбаев жарық көрген кітапшалар жайында мәліметтерді баян етті. Мультсериалдардағы сүйікті кейіпкерлер бейнесін кітапшадан көріп, оны түрлі-түсті қаламдармен бояйтын балалардың бейнелеу өнеріне деген қызығушылығы мен эстетикалық талғамының  арта түсетініне сенім білдірді.

Кітапшада орналасқан QR белгісін сканерлеу арқылы екі мультсериалды да кез келген қолайлы уақытта тамашалауға болады.

Мультсериалдар кейіпкері мен ондағы оқиғалар бейнеленген бояу кітапшалары балаларға сөз жоқ, үлкен рухани сыйлық болды деп айта аламыз.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<