Бала тәрбиесі – басты назарда

424

0

Е.Әуелбеков атындағы №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында тамыз конференциясының аясында педагогикалық қауымдастықтың «Тәрбие берудің тұжырымдамалық негізіне сәйкес жалпы білім беретін мектепте тәрбие үрдісін ұйымдастырудың заманауи тәсілдері» атты секциялық отырыс өтті.

Онда 2018-2019 жылдарға арналған жаңа әлеуметтік маңызы бар жобалар, мектептердегі оқу үрдісін ұйымдастырудың ерекшеліктеріне негіз­делген міндеттерді орындау жолдары мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негі­зінде атқарылатын жұмыстар талқыланды. Педа­гогикалық кеңес бес бағыт бойынша ұйымдастырылып, оған ардагер мұғалімдер, мектеп директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орын­басарлары, педагог-психологтар, сынып жетек­шілері, ата-ана комитетінің мүшелері қатысты.

– Бүгінгі күні білім басқармасының ұйытқы болуымен жаңа оқу жылы қарсаңында тәрбие саласында үлкен жұмыс жүруде. Биыл бес секцияға ерекше мән берілуде. Секция жұмыстарына байланысты басты жаңалықтардың бірі – 2018-2020 жылдарға арналған тәрбиенің жалпы тұжырымдамалық негіздерін іске асыратын іс-шара жоспары бекітілді, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақзира Қасымова.

Мұнан соң бала тәрбиесі, олардың арасында болатын зорлық-зомбылықтың алдын алу, жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту, оқушыларға жан-жақты тәрбие беру турасында баса айтты. Құқық бұзушылық, балалардың зорлық-зомбылыққа ұшырауы секілді оқиғалар қолайсыз отбасыларда туындап жатқандықтан, арнайы электронды база жасалған. Онда балалардың ата-аналары жайлы барлық мәліметтер орналастырылып, балалар ұдайы бақылауда болмақ. Оған қоса бұл база сала аралық байланыста болады. Балаларға әлеуметтік, ден­сау­лық, төтенше жағдай салаларының араласуымен жан-жақты тәрбие беріліп, жақсы бағытта өсуіне ықпал етеді. Қазіргі таңда аталған саланың  мамандары лекциялар оқып, тренингтер өткізуде. Алдағы уа­қытта әкелер кеңесі мен ата-аналар университеті құ­рыл­мақ.

Жиында осы секілді ауқымды мә­селелер кеңінен тал­қыланып, ат­қары­ла­тын жұмыстар легі түзілді. Сонымен қа­тар, ұсынымдар қабылданып, үздік оқушылар облыс әкімінің және білім басқармасының алғыс хаттарымен марапатталды.

Мейрамгүл

ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

“Сыр бойы”.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<