Барлық игілік – балаларға

368

0

Өңірде білім мен денсаулық саласының дамуы, ұстаздар мен дәрігерлерді қолдау, балалар мен оқушылар және түлектерге барынша жағдай жасау – ең басты міндеттердің бірі. Соның дәлеліндей, білім мен өнер ошақтары, медициналық ғимараттар бой көтерді. Ұлттық мереке – Республика күнінде облыс тұрғындарына айрықша тарту жасалды. Бір мезетте бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға беріліп, балаларға қуаныш сыйлайтын жаңа спорттық ойын алаңдары ашылды.

Солардың бірі – Жалағаш ауданындағы Сыр өңірінің болашақ дарынды, өнерлі өрендерін оқытып, тәрбиелейтін «Оқушылар үйі» және «Өнер мектебінің» жаңа ғимараты. Республика күні қарсаңында пайдалануға берілген нысанның ашылуына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, аудан тұрғындарының қуанышына ортақтасты.

– Барша жерлестерімді қайта оралған ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Араға 13 жыл салып, Президент Жарлығымен Республика күні ұлттық мереке болып, халықпен қайта қауышты. Бұл тарихи мәні жоғары, идеологиялық салмағы ерек айтулы күн еліміздің бүгіні мен ертеңіне адал қызмет ететін, ерен істер мен елеулі бастамаларды жалғастыратын барша азамат үшін маңызды. Ал аудан орталығынан есігін айқара ашқан «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» ел дамуына елеулі үлес қосар азаматтарды тәрбиелеп шығаратын киелі өнер ордасына айналады деп үміттенемін. Балаларымыз жаңалыққа, ата-аналар жақсылыққа қуансын. Әр отбасына бақыт, жақсылық, амандық тілеймін, – деді өз құттықтауында аймақ басшысы.

Аудан орталығынан бой көтерген «Оқушылар үйі» 200 орындық болса, «Өнер мектебінде» 50 шәкірт тәрбиеленбек. Аумағы 29 мың шаршы метрді құрайтын ғимарат «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы салынды. Бас мердігер – «Самат-Мұнай» ЖШС. Білім беру ошағына республикалық бюджеттен 431,5 млн теңге қаржы жұмсалыпты.

– Бүгін қуанышты күн, мерейлі мереке қарсаңында аудан орталығынан жаңа ғимараттың ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Бұл біздің болашағымыз, келешек үміт күтер ұрпақтарымызға өте қажет. Мемлекетіміздің де басты мақсаты – жас ұрпақтың тәрбиесі мен олардың болашағына деген қамқорлық. Соның айғағы ретінде, Жалағаштағы көптеген білім беру мекемелері жаңарды. Кешегі кеңестік дәуірде салынған ескі әрі тар ғимараттар да күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай жаңартылуда. Ал мына «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» балаларымыздың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына бірден-бір көмегін беретін орталық деуге әбден болады. Аудан халқы атынан осындай игі істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғыс айтамын, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев.

Сондай-ақ игі шарада дарынды, өнерлі балалар атынан республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы Аянат Бекберген жүрекжарды алғысын білдірді.

– Мен аудандық «Өнер мектебінің» домбыра сыныбында тәлім аламын. Ұстаздарымның берген білімі арқасында және талмай еңбектенудің нәтижесінде көптеген байқаулардың жеңімпазы болдым. Алдағы арманым – өнер жолына түсіп, ұлтымның өнерін әлемге әйгілі ету. Біз қалаған үйірмелерге қатысып, өзіміз таңдаған музыкалық аспаптарды еш алаңсыз үйренуге берілген мүмкіндікті Тәуелсіздіктің жемісі деп білеміз. Екіншіден, «Балалар жылы» аясында істелген шаралардың нәтижесі. Мұндай жақсы бастамалардың әлі де жалғасын табатынына сеніміз мол. Біз бала болашағына үмітпен қарап қоймай, олардың үміт шамшырағын жаға алатын өз елімізбен мақтанамыз, – дейді ол.

Сондай-ақ Республика күніне тарту ретінде ауданға қарасты «Таң» ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне табысталды. Мұндағы шараға облыс әкімі Н.Нәлібаев қатысып, жұртшылықты ұлық мерекемен құттықтады.

– Жалағаш ауданындағы іргелі елді мекен – «Таң» ауылы тұрғындарының көптен күткен көкейтесті мәселелерінің бірі шешімін тауып, жаңа медициналық нысан пайдалануға берілуде. Жаңа емдеу орнында әрбір дәрігер елге адал қызмет етіп, науқастың дертіне дауа, көңілге демеу беріп, денсаулығын жақсартуға атсалысады деп сенемін. Егемен еліміздің еңсесі биік, тәуелсіздігі нық болсын! Мереке құтты болсын! – деді облыс басшысы.

Ауыл халқының игілігіне қызмет ететін мециналық нысан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы 140 млн теңге қаржыға салынған.

– Бүгінгі дені сау ұрпақ – елдің ертеңгі жалғасы. Халықтың тіршілігі мен бірлігі, жарқын болашағы, әрине, денсаулық саласына байланысты. Сондықтан, денсаулық – ел дамуының басты кепілі десек, артық айтпаспыз. Бүгінде қала мен аудан орталығы ғана емес, ауыл ішінде де заман талабына сай жабдықталып, бой көтерген емханалар көп. Міне, бүгін, біздің «Таң» ауылында да осындай халыққа ең қажетті дәрігерлік амбулатория жаңадан салынды. Бұрын ескі ғимаратта да жұмыс істедік. Өзім де 40 жылға жуық медбике болып келемін. Кең әрі жарық ғимарат, бұған қоса жаңа дәрігерлік жабдықтардың келуі бізді де, ауыл тұрғындарын да қуантып отыр, – дейді жоғары санатты медбике Сәрсенкүл Мүйтенова.

Жаңа емханада 1 дәрігер, 10 орта буын, сондай-ақ өзге де жеті қызметкер жұмыс істейді. 30 төсектік  дәрігерлік амбулатория 18 кабинеттен тұрады. Оның ішінде 2 стационар, психолог пен терапия кабинеті, екі дәрігерге дейін қабылдау және бір егу бөлмесі бар.

Аймақта білім саласының дамуына тілеулес меценат азаматтардың мектеп, балабақша ашу ісіне ынтасы жоғары. Мереке қарсаңында облыс орталығында 300 орындық «Ел перзенті» атауымен жаңа балабақша есігін айқара ашты. Ал жыл соңына дейін тағы екі мемлекеттік балабақша пайдаланылуға берілмек.

Игі шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, ата-аналар мен бүлдіршіндерді мерейлі мерекемен құттықтады.

– Қызылорда – экономикалық озық аймақ қана емес, балаларды бақыт мекеніне жетелейтін мейірімді қала болуға тиіс. Келешекке көз салған әрбір өркениетті ел білімді қолдаудың төте жолын инвестициямен байланыстырады. Біз де бала болашағы үшін бюджетке иек артып ғана қоймай, салаға жанашыр азаматтарды қолдай отырып, жаңа нысандар салу тәжірибесін кеңінен жалғап келеміз. Қаламыздың ең ірі және шеткі ауданында орналасқан бұл балабақша 300 бүлдіршінді қабылдай алады. Бұған дейін аймақ көлемінде дәл осы жобадағы жеке бөбекжай құрылысының болмағанын ерекше атап өту қажет, – деді аймақ басшысы.

Облыста жылдан-жылға жеке мектептер мен балабақшалардың қатары көбейген. Соның нәтижесінде жеке балабақшалардың үлесі 73,1 пайызды құрап отыр. Бүгінде балалардың қамтылу көрсеткіші республика бойынша 85 пайыз болса, аймақта 90,8 пайызға жеткен.

– Біздің балабақшаға екі жастан алты жасқа дейінгі балалар қабылданады. Өздеріңіз көріп отырғандай, мектепке дейінгі білім беруде жаңа технология  және биылғы бекітілген арнайы бағдарлама арқылы жұмыс істейміз. Бүгінде 110 бала тізімге алынды, оларды қабылдауға да дайынбыз. Бала саны әлі де толыға береді, – дейді балабақша меңгерушісі Светлана Меңтаева.

Айта кетейік, мұнда штаттық кесте бойынша 50-ге жуық қызметкер болса, оның 28-і тәрбиеші болып жұмыс істейді.

***

Ұлттық мереке – Республика күні облыс орталығында қоғамдық көліктер қатары жаңа 40 автобуспен толықты. Бұған дейін Қызылорда автобус паркіне «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы жаңадан лизингке 150 дана автобус алуға 1,43 млрд теңге қаржы бөлінген. Серіктестік пен аталған қор және «ҚазТехна» (QazTehna) компаниясымен тиісті шарттарға қол қойып, жұмыстарды лайықты деңгейде жалғастыруда.

Игі іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, қала тұрғындарын мерекемен құттықтады.

– Осы кезге дейін ел ішінде қоғамдық көліктердің саны мен сапа мәселесі қызу талқыға түсіп, түрлі пікірлерге ұласқанын ескеріп жүрміз. Жерлестерімнің орынды пікірін мен де қуаттаймын. Аймақ басшысы қызметіне келген сәттен бастап автобус паркін жаңарту ісіне мән беріп, тікелей қолдау жүргіздік. Нәтижесінде 150 дана автобус алуға қаржы бөлінді. Бұл – үлкен қолдау, – деді аймақ басшысы.

Автобустарда жолаушыға барлық жағдай бар, бейнебақылау, салқындатқыш орнатылған. Халыққа өте ыңғайлы, сыйымдылығы қолайлы.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін 21 жаңа автобус алынды. Ал, қалғаны қараша айында жеткізіледі.

Іс-шара барысында еңбек ардагері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Жарылқасын Шәріпов қалаішілік жолаушылар тасымалдау мәселесі өзекті екенін атап өтті. Облыс орталығы тұрғындарының саны жылдан-жылға өсіп келеді. Ендігі кезекте бұл мақсатта тиісті іс-шараларды жүзеге асыру кезек күттірмейді. Жаңадан жеткізілген автобустар алдағы уақытта сол түйткілдің шешілуіне оң септігін тигізеді.

Көпшілікке ардагер Қорғанбек Қайруллаев ақ батасын беріп, мерейлі мерекемен құттықтады.

Ержан ҚОЖАС,

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<