«Барыс» қашан дайындықты бастайды?

869

0

Шайбалы хоккейден елордалық «Барыс» командасының алдағы маусымға дайындық жоспары белгілі болды. Елордалық клуб демалыстан 16 шілдеде шығады.

Екі күн бойы ойыншылар медициналық тексерістен өтеді. Ал 19 шілде күні тест тапсыру жоспарланған. Одан кейін 20 шілде-8 тамыз аралығында Астанада оқу-жаттығу жиындарының бірінші кезеңі басталады.

Команда 10-14 тамыз аралығында Ресейдің Қазан қаласында өтетін «TANECO Кубогына» қатысса, 20-25 тамыз күндері Омбыдағы турнирде бақ сынайды.

Биыл елордада Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы турнирі өтпейді. Оған басты себеп ретінде қатысушылар саны аз екені айтылып отыр. Сондай-ақ, 28-31 тамыз аралығында елордада оқу-жаттығу жиындарының соңғы кезеңі болады.

Құрлықтық хоккей лигасының жаңа маусымы 1 қыркүйекте басталады деп жоспарланып отыр.

«Қайсар» «Оқжетпестен» ұпай олжалап қайтты

Өткен жексенбіде футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 13-турында қызылордалық «Қайсар» Көкшетаудың «Оқжетпесін» қапы қалдырды.

Екі команда елордадағы «Астана-арена» стадионында кездесті. Көкшетаудағы стадионның дайын болмауына байланысты «Оқжетпес» өз алаңындағы ойындарын елордада өткізуге мәжбүр.

Кездесу барысында командалар бір-бірінің қақпасына гол соғуға тырысты. Десе де бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ. Ойынның 56-минутында «Қайсар» сапынан Әділет Кеңесбек қарсыластар қақпасын дәл көздеп, өз командасына жеңіс сыйлады.

Осылайша «Қайсар» көкшетаулық команданы 1:0 есебімен тізе бүктірді. Нәтижесінде турнир кестесінде 19 ұпаймен жағдайын жақсартып алды. Есесіне сегіз ойын бойына жеңіске жете алмай келе жатқан «Оқжетпес» турнир кестесінің төменгі бөлігінде қалып қойды.

Енді «Қайсар» аталған қарсыласын 1 шілдеде өз алаңында қабылдайды.

Аталған турдағы өзге ойын нәтижелері төмендегіше: «Астана» – «Каспий» 3:1, «Қайрат» – «Қызылжар» 3:0, «Атырау» – «Тобыл» 3:0, «Шахтер» – «Жетісу» 0:1, «Ақсу» – «Ордабасы»  0:1, «Ақтөбе» – «Мақтарал»  1:1. 

Абылайханның қола медалі

Қызылордалық Абылайхан Жұбаназар ел құрамасы сапында Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда дзюдодан өтіп жатқан Grand Slam турнирінің қола жүлдегері атанды.

Халықаралық жарыста 81 келі салмақта сынға түскен ол алдымен германиялық Доминик Ресселді иппонмен ұтса, екінші айналымда моңғолиялық Буянцагаан Эрденебатты тізе бүктірді. Ширек финалда жапониялық Кения Охараға есе жіберіп, жұбаныш белдесуінде бахрейндік Аскерби Гербековті жеңді. Қола жүлде үшін бәсекеде тағы бір моңғолиялық Молд-Очир Герелтуяны қапы қалдырды.

Бұл – Абылайханның Grand Slam додаларындағы екінші медалі. Ол биыл Грузия астанасы Тбилисиде күміс жүлдеге ие болған еді. Ал өткен жылы Моңғолиядағы осы жарыста бесінші орыннан көрінді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<