Баспаналы болу – бір бақыт

382

0

Аймақта тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен оң шешімін тауып келеді. Игі бастама жалғасып СПМК-70 тұрғын ауданынан 50 пәтерлік 5 көпқабатты ипотекалық тұрғын үйдің кілті салтанатты түрде табысталды. Іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, қоныстой иелерін құттықтады.

− Кейінгі жылдары Сыр өңірінде тұрғын үй құрылысы қарқын алып, қала аумағы әлдеқайда кеңейді. Зәулім ғимараттар бой көтеріп, шаһардың сәулеттік келбеті көркейе түсті. Бүгін де жаңа тұрғын үйді пайдалануға беріп, отбасылардың қуанышын еселемекпіз. Жаңа баспаналарыңыз татулық пен берекенің ордасы болып, қуаныш пен бақыт, құт пен ырыс салтанат құрсын! Қуаныштарыңыз көбейе берсін! Шаңырақтарыңызға шаттық орнасын! Сіздерді құттықтай отырып әр отбасына жақсылық, ынтымақ пен бірлік, амандық тілеймін, − деді облыс әкімі.

Қоныс тойын тойлаған 250 отбасының ұсынысы мемлекеттік  «Нұрлы жер» бағдарламасының шарттарына сәйкес келген. «Отбасы банктің» салымшылары.

– Осы бағдарламаға қатысушының депозитінде баспана құнының кемі 20%-і пайызы болуы тиіс, бұл – оның бастапқы жарнасы. Несие мөлшерлемесі жылдық 5%-ке тең. Баспананың 1 шаршы метрінің құны 160 000 теңге. Жалпы «Отбасы банктің» өнімдері мен бағдарламалары қазақстандықтар арасында үлкен сұранысқа ие. Жыл басынан бері банктің Қызылорда облыстық филиалы тұрғындардың баспана мәселесін шешуіне 700-ден астам несие шартын рәсімдеген. Бүгін біз мемлекеттік бағдарламаға қатысушылардың қоныс тойын тойындамыз. Жыл соңына дейін қаламызда тағы 250 пәтерлік 8 үй қолданысқа берілмек, − деді «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ облыстық филиалының директоры Әділжан Сәулебаев.

Пәтер алған Мұхтар Сүлейменов үйді сапалы әрі әсем етіп салған мердігер компанияларға алғыс білдірді. Мұхтардың жұбайы көпбалалы ана ретінде үй кезегінде тұрған. Банкте де жинақтары бар екен. Бағдарлама шарттарына сай келіп, үш бөлмелі пәтерге қол жеткізді.

 − Жаңа баспананың кілтін облыс әкімінің қолынан алдық. Үш бөлмелі, жайлы пәтер. Қуаныштымыз. Әсіресе балалардың қуанышында шек жоқ. Әрбір азамат үшін ең маңыздысы – өз баспанасының болуы. «өз үйім – өлең төсегім» демекші, менің отбасым үшін үлкен жетістік, − дейді ол.

Салтанатты шарада еңбек ардагері Қорғанбек Қайруллаев қоныстанушыларға ізгі тілегін арнап, ақ батасын берді. Облыс басшысы жаңа пәтер алған отбасылардың бірінің қуанышына ортақтасты.

Мұнан соң «Отбасы банк» облыстық филиалының мамандары акция өткізді. Онда тұрғындарға тегін балмұздақ пен сусындар таратып, жаңадан депозит ашқан азаматтарға сыйлықтар берді. Депозиттер мен шарттары туралы ақпарат парақшаларын таратты.

Айта кетейік, кейінгі 3 жылда өңірде жалпы ауданы 315,4 мың шаршы метрді құрайтын 3 мың 827 пәтерлік 172 тұрғын үй құрылысы жүргізілді. Былтыр апатты жағдайдағы үйлер тұрғындарына 50 пәтердің кілті табысталды. Биылдың өзінде өңірде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 372 пәтерді құрайтын 10 тұрғын үйдің құрылысы жүруде.

Гүлбану Мақажан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<