…Батар күнге жүрме жол жүгенсіздікті көтермейді

435

0

Фото: ашық дереккөз

Бүгінде Қазақстанда ғана емес, дүниежүзінде жол-көлік оқиғалары  мен оның салдарынан болатын өлім мен жарақат фактілері азаймай отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының  статистикасына сүйенсек,  жыл сайын әлемде миллионнан астам адам жол-көлік оқиғасынан көз жұмып, 20-50 миллион адам жарақаттанады және мүгедек болып қалады екен.

Еліміздегі ДДҰ кеңсесі сарапшыларының есебі бойынша Қазақстанда жыл сайын жол апатынан үш мыңнан аса адам қаза тапқан.  Демек, адамдардың көлікке сұранысы арту тенденциясымен қатар, оны пайдалану барысында қоғам өміріне қауіп тудыратын жағдайлардың да көбейгенін байқауға болады.

Біздің өңірімізде де жол-көлік оқиғасы аз деп айта алмаймыз. Оның алдын алу, болдырмау үшін полиция департаменті мамандары жүйелі жұмыстар атқаруда. 

Мәселен, былтыр облыста 473 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының бірінші орынбасары Марат Рахметовтің айтуынша, тіркелген оқиғалар алдыңғы жылмен бірдей,  жарақат алғандар саны   төмендеген. Атап айтқанда, 2021 жылы жарақат алғандар саны 575 адам болса, былтыр 551 адам тіркеліп, 4,2 пайызға азайған.  Есесіне, көлік апатынан қайтыс болғандар саны 17%-ға (125-тен 146-ға) өскен, яғни, 2021 жылы 125 адам қайтыс болса, былтыр олардың саны 146-ға жеткен.

– Жол-көлік оқиғасынан жарақат алғандар саны азайғанымен, өкінішке қарай, қайтыс болғандар саны көбейген. Атап айтсақ, Арал ауданында 2021 жылы 18 жағдай тіркелсе, былтыр 28-ге жеткен. Қазалыда  10-нан 16-ға артқан. Сонымен қатар Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі  аудандарында да көбейген. Негізгі себептері – жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалыс ережелерін өрескел бұзуы.  146 адамның 77-сі республикалық жолдарда көз жұмды, – дейді М.Рахметов.

Ең қорқыныштысы – жол апатына балалардың ұшырауы. Жалпы мәліметтерге сүйенсек, елімізде 2019 жылы 250 бала жол-көлік оқиғасы кезінде қайтыс болған. Ювеналды полиция басқармасының мамандары осындай статистиканы жариялады. Мәселен, 2019 жылдың өзінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен 3 мың жол апаты болған. Мыңдаған бала жарақат алып, оның 250-і көз жұмған. Ал 2020 жылы осыған ұқсас 600 оқиға тіркелген. Біздің аймақта былтыр тіркелген жол-көлік оқиғаларының 110-ы балалардың қатысуымен болған. Салдарынан 16 жасөспірім көз жұмса, 120 бала дене жарақатын алған.

Мамандардың айтуынша, жалпы республикалық жолдарда апаттылықтың барлық көрсеткіштері жоғарылаған. Кейінгі 5 жылда болған оқиғаларды зерделегенде, басты себебі жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс асыруы, қарсы бағытқа шығу, маневр ережесін бұзу және ұйықтап кету  екені анықталған.

– «Самара-Шымкент» автожолындағы көлік қозғалысының қарқыны да себеп болды. Қазіргі кезде бұл жолдан тәулігіне 10 мыңнан астам көлік өтеді. Жол ережелерін бұзудың 163 мың 326 дерегі анықталса, оның 65 мыңға жуығы (64938) – жол апатына тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтар. Осыған байланысты ұсыныстар негізінде облыс әкімінің қолдауымен 328 млн теңгеге жаңа үлгідегі, жылдамдықты асыруды автоматты түрде қозғалыс кезінде анықтайтын «Ekin Patrol G2» зияткерлік құрылғысының 10-ы алынып, патрульдік автокөліктерге орнатылды, бүгінгі күні толық жұмыс істеуде. Техникалық сипаттамаға сәйкес құрылғының 10 камерасы бар, біреуі салонды, тоғызы сыртқы айналаны 360 градуста шолып, камераға жазылған бейнебақылауды серверге жазады. Жолдың 7 жолағына дейінгі аймақта бір уақытта өткен 100 автокөліктің мемлекеттік белгісін автоматты түрде күндіз де, түнде де тіркейді. Жылдамдықты асырумен бірге, жалған мемлекеттік белгілерді, жолда аялдау ережесін бұзуды, көліктің техникалық байқаудан өткенін, сақтандыру шарты жасалғанын және іздеудегі автокөліктерді анықтайды, – деп атап өтті Марат Ағзамханұлы.

Анықталған құқық бұзушылық дерегі автоматты түрде серверге жүктеліп, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама (предписание) көлік иесінің мекен-жайына жолданады. Нұсқаманы жою мүмкіндігі болмайды, яғни, полиция мен жүргізушілер тікелей байланыс жасамайды. Бүгінгі күні оның бесеуі республикалық жолдарда, тағы бесеуі Қызылорда қаласында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қолданысқа берілген. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция департаменті қызметтік автокөліктің айналасын және салонын онлайн режимде 4 камерамен бақылайтын GPS-пен жабдықталған, 21  бейнебақылау жүйесін қызметтік автокөліктерге орнатты. Автопатруль экипажындағы патрульдік полиция қызметкері джойстикті бейнебақылау жүйесін пайдаланып, жүргізушілер арасында қауіпсіздік белдігін тақпаған, ұялы телефонмен сөйлескен, күндізгі жарық шамдарын жақпаған және қоғамдық қауіпсіздік саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтап, әкімшілік хаттамалар рәсімдейді.

– Заманауи құрылғыларды қолданысқа алғалы облыста жол апаттары біршама азайды, осыған байланысты жол ережесін бұзуды автоматты түрде анықтайтын құрылғылардың соңғы модельдерін тағы да қолданысқа алу мәселесін көтеретін боламыз, – дейді Марат Рахметов.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, жол апатының негізгі себептерінің бірі – жылдамдықты асыру. Осы орайда мамандар жылдамдықты арттыратындардың көбі 20-35 жас аралығындағы жастар екенін айтады. Сонымен қатар, әйелдерге қарағанда ер адамдардың жол ережесін жиі бұзатынын, сол себепті жол-көлік оқиғасына жиі ұшырайтыны белгілі болды.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<