Бауырластық байланыс беки түсті

170

0

Бакуге мемлекеттік сапармен барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев «Загульба» резиденциясында қарсы алды.

Құрмет қарауылы ротасының бастығы президенттерге рапорт берді. Қазақстан мен Әзербайжанның мемлекеттік әнұрандары шырқалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.

Салтанатты рәсімнен соң президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті Әзербайжан Президенті сайлауындағы айқын жеңісімен және биыл Бакуде СОР29 саммитін өткізу мүмкіндігіне ие болуымен құттықтады. Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтастығының мазмұны байып, бірлескен ірі жобалармен толыға түскенін және қарқынды дамып келе жатқанын жоғары бағалады. Өз кезегінде Әзербайжан Президенті Қазақстанмен арадағы бауырластық байланыстардың беки түскенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Әзербайжанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бірінші отырысына қатысты. Ильхам Гейдар оғлын Әзербайжан Республикасының Президенті сайлауында айқын жеңіске жетуімен тағы да құттықтады.

– Сізді әзербайжан халқының жалпыға бірдей танылған көшбасшысы деп білеміз және халықаралық аренада да осындай тұлға ретінде қабылдайды. Сонымен қатар Әзербайжанның өз егемендігін қалпына келтіру ісінде тарихи жеңіске жеткеніне шын жүректен қуаныштымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Астана мен Баку ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көрсетіп, бірлескен жұмыстың жаңа бағыттарын дамытып отырғанын ерекше атап өтті.

– Жаңа ғана біз сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастыққа, халықаралық аренадағы өзара ықпалдастыққа қатысты барлық мәселені егжей-тегжейлі талқыладық және ортақ ұйғарымға келдік. Бұл Қазақстан мен Әзербайжанның, шын мәнінде, стратегиялық серіктес, одақтас мемлекеттер екенін көрсетеді. Осы орайда екі ел үкіметтері бүгін қол қойылған құжаттар, келісімдер түріндегі уағдаластықтарды жүзеге асырумен айналысатынын ескерсек, ынтымақтастығымыздың перспективасы өте зор.  Мен COP29 саммитіне қатысуға шақыруыңызды ықыласпен қабыл аламын. Мұндай шараны өткізу – Әзербайжан мемлекеті мен оның дипломатиясы үшін айтулы тарихи жетістік. Саммит қазіргі климат мәселелерін реттеу және жаһандық ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан өте маңызды. Баку бұл міндетті абыроймен атқаратыны сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Әзербайжанмен арадағы сауда-экономикалық қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Президенттің пікірінше, қазақ-әзербайжан қатынастарын нығайтуға мәдениет саласындағы уағдаластықтарды жүзеге асыру ісі де оң септігін тигізуде. Мәселен, қасиетті Түркістан мен Шуша шаһарлары, сондай-ақ Орал мен Мингечевир, Шымкент пен Гянджа қалаларының арасында бауырластық қатынас орнады.

Өз кезегінде Әзербайжан Президенті Жоғары мемлекетаралық кеңестің алғашқы отырысының тарихи мәніне тоқталды.

– Қазақстан мен Әзербайжан – бауырлас мемлекеттер. Халықтарымыз ғасырлар бойы тату, бауырлас ел ретінде ынтымақтастықта өмір сүріп келеді. Соңғы кездері біздің бір-бірімізге жасаған сапарымыз жиіледі. Осыдан-ақ өзара қатынастардың қарқыны қаншалықты күшейе түскені айқын көрінеді.

Мен Қарабақты қалпына келтіру ісіне бауырлас ел ретінде жәрдем бергені үшін Қазақстан Президентіне ризашылығымды білдірдім. Физули қаласында Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығы қазақ халқының әзербайжан халқына тартуы ретінде Президент Тоқаевтың бастамасымен бой көтерді. Ертең біз достығымыздың орталығына айналатын осы нысанды ашамыз. Сондай-ақ  Әзербайжанның егемендігін қалпына келтіру мәселесінде қолдау білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамыз. Әлбетте, Әзербайжанда Қазақстанды бәрі сенімді дос әрі одақтас ел ретінде таниды деп ойлаймын, – деді Ильхам Әлиев.

Қазақстан мен Әзербайжанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің алғашқы отырысында сауда-экономика, инвестиция, мұнай-газ, көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері, цифрлық коммуникация және мәдени-гуманитарлық бағыттардағы ықпалдастықты дамыту мәселелері қарастырылды.

Сондай-ақ кеше екі мемлекет басшыларының қатысуымен бірқатар іс-шара болды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<