«Бесарықтың» берекесі

838

0

– Егіншіге күн жаумағаны керек. Әрине, жаңа комбайн анау-мынау ылғалды, таңғы шықты елей бермейді. Бәрібір жаңбыр жауып, ауы райы бұзылмаса дейміз ғой, – деді біз кездескен егін бригадирі. Солай деген ол іле, бізге жақын келген «CLASS» маркалы комбайн жүргізушісіне қолмен ымдай нұсқау беріп жатты. Сірә, оның бункері дәнге толса керек. Мұнан соң анадайда өз кезегін күткен тасымал көлігін дауыстап шақырды. Сөйтті-дағы күнқағар қалпағын алып, онысымен маңдай терін сүртті. Бізге қарап қайта сөйлейді.

– Айып кетпе, інім, жұмыс қызып жатыр, көріп тұрсыздар. Қарбалас уақыт қой бұл өзі. Өзім шаруашылықтағы 3-бригаданың жетекшісімін. Жаз бойы өзіммен бірге 8 күрішшіге жүктелген 225 гектар жер бар. Күтіп-баптадық, қазір гектарына 72 центнерден айналып жатыр…

Бұл Сырдария ауданына қарасты «Бесарық» ауылындағы шаруашылық. Ауыл атымен аттас «Бесарық» ЖШС егіндігі. Бізбен тілдескен Нұрлан Қадірбергенов осында 6 жылдан бері бригадир болып жұмыс істейді.

– Жылдағы нәтижеміз тәуір. Нағыз егіншілер, оның ішінде үздіктер қатарынан көреміз-ау деген азаматтар бар. Бұл жерде өз жұмысын сүйіп, егін егудің мән-жайын терең ұққандар ғана мол астық жинай алады. Солай озат атанады. Бүгінде шаруашылықтың мақтаныштары Бауыржан Әппақов, Еділ Оңалбаев, Шарапат Боданов сияқты жігіттер 80 мен 90 центнер аралығында өнім жинауда. Тіпті, межесін одан да асыратын азаматтар бар. Егін әлі жиналуда, оның да қорытындысы аз күнде белгілі болмақ. Бір қуанарлығы, биыл егін бітік. Диқандардың еңбегі ақталып отыр, – деді ағынан жарылып.

Шаруашылық күріш оруды 5 қыркүйекте бастаған. Қазан айының басына дейін егін орағы толығымен аяқталмақ. Қазір комбайн «жеген» астық арнайы жүк көлігіне тиеліп, ауыл ішіндегі қырманға тасылуда.

2003 жылдан бері жұмыс істейтін «Бесарық» ЖШС биыл 881 гектар күріш еккен. Шаруашылықтың мұнан өзге 400 гектардан астам жоңышқасы мен 15 гектар жүгерісі бар. 150 адамды жұмыспен қамтыған серіктестікте дәл осы маусымдық уақытта тағы да қосымша 20-30 адам жұмысқа қабылданатын көрінеді.

– Айлық уақытылы. Әр айдың бесіне дейін түсіп тұрады. Кешегі оқу жылы басталарда жалақыны тіпті ерте аударды. Далада жұмыс істейтін егіншілерге түскі ас беру мәселесі жолға қойылған. Бұдан өзге «Бесарық» ауылын көркейтуге біздің шаруашылықтың үлесі көп деп айтуға болады. «Бақша егемін» деген халыққа жерін жыртып, аяқсуын жеткізетіні тағы бар. Ардагерлерге ұдайы қамқорлық танытып отырады. Ауылда әрбір 80 жасқа толған қарттарымызды арнайы құттықтап, сый-сияпатын береді. Ең бастысы, жағдайы төмен тұрғындарға көмектесу, жоқ-жітікке қарайласу – шаруашылық азаматтарының басты міндеті. Тіпті, сондай бір отбасыға су жаңа баспана да тұрғызып берді, – дейді бригадир ағамыз.

Бригадир мен шаруашылық төрағасы Мақсат Биболатовтың сөзі бір жерден шықты. Оның айтуынша, ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді серіктестік ұжымы назардан тыс қалдырған емес.

– Тұрғындарға жеңілдік есебінен жоңышқаның әр бумасын 350 теңгеден берсек, өз жұмысшыларымызға 250 теңгеден босатып отырмыз. Мұнда жоңышқа бумасы 200 данадан аспауы тиіс. Сондай-ақ қызметкерлерге қыста 2 тоннадан тегін көмір түсіріп береміз. Ауылдың тазалығына 10 адамды жұмысқа алдық. Шаруашылық есебінен 100 мың теңге жалақы төленеді. Шаруашылық қосымша мал бағытындағы жұмыстармен де айналысады. 210 бас түйе, 4 мың бас қой бар. Онда да ауыл тұрғындары тұрақты жұмыс істеуде, – дейді шаруашылық төрағасы.

Айта кету керек, «Бесарық» ЖШС ауыл шаруашылығы техникаларын толық жаңартқан. Бұл – егін жинау кезінде жұмыс күшін едәуір жеңілдетіп тұр. Сондай-ақ жыл сайын жиын-терім біткен соң шаруашылық озаттары қаржылай сыйақы мен арнайы сыйлыққа ұсынылып келеді.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<