Білім бәйгесінен озған балғындар

774

0

Білім бәйгесінде өзгелерден оза шауып, биіктерді бағындырған балғындар мерейлі күні құрметке бөленді. «Достық үйінде» жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада жеңімпаздарын облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай құттықтады.

– Жыл бойы төккен тердің жемісін көретін уақыт келді. Бұл жеңіс –  тек оқушының ғана емес, оған бағыт-бағдар берген ұстазы мен тәлім-тәрбиеге баулыған ата-ананың да ортақ қуанышы. Биыл «Балалар жылы» деп жарияланғанын білесіздер. Бүгінгі жастар – елдің ертеңі, ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің мәртебесі. Білім – адам баласының ортақ қазынасы, болашаққа жол салар бағалы байлығы десек, біліммен қаруланған тәрбие мен тағылымы ұштасқан жаңа Қазақстанның жалынды жастары өздеріңіз. Сіздер білімді,  Отанын сүйетін рухы мықты  азамат болсаңыздар, еліміз қарыштап дами беретініне сенемін, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Мұнан кейін Қайрат Ырзақұлұлы олимпиада жүлдегерлерін I, II, III дәрежелі диплом, медальдармен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады. Оқушылардың ата-аналары мен жетекшілері де марапатталып, сыйлықтарға ие болды.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне 386 оқушы қатысып, 181 оқушы жүлделі орынға ие болды. Республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне  83 оқушы  бақ сынаса, 38 оқушы жүзден жүйрік шықты.

Жарысқа 679 білім ордасынан 2044 оқушы додаға түсті. Мыңнан дара, жүзден жүйрік шыққан, дарынымен дараланған шәкірттерді даярлаған білім ошақтары «Үздік 100 мектеп» қатарына енді. Біздің облыстан үш мектептің мерейі үстем болып, осы тізімнен орын алды. Олардың ішінде №9, №10 дарынды балаларға арналған білім-инновация лицейлері, Шиелі ауданы М.Ломоносов атындағы №47 мектеп лицейі бар.

шара соңы мерекелік «Зияткер ұрпақ – тәуелсіз ел тірегі» атты концертке ұласты.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<