Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған ауданына сапарында Парламент депутаттарымен бірге «Оқушылар үйі», «Өнер мектебі» және «Саяжай» мөлтек ауданындағы «Жайлы мектепте» болып, жұмыс барысымен танысты.
Жаңа ғимаратта оқушыларға арналған өнер студиясы, тігін шеберханасы, музыка, хореография және ритмика, акробатика залдары орналасқан. Мұнда өскелең ұрпақ шығармашылығын, денсаулығын шыңдайды және қолөнермен айналыса алады.
Үш қабатты «Жайлы мектеп» білім алушыларға барынша қолайлы жағдайда жасалған. Кең әрі жарық сыныптар, жоғары сапалы оқу құралдарымен, ақпараттық технологиялармен жабдықталған кабинеттер бар. Кітапхана, зертханалар және шығармашылық үйірмелерге арналған бөлмелер де қарастырылған. Ғимараттың әр қабатындағы инженерлік, жылу, жарық, су және желдету жүйелері заманауи талапқа сай орнатылған. Спорт залы мен демалыс орындары дене шынықтырумен айналысуға, түрлі спорттық жарыстар өткізуге қолайлы. Жыл ішінде Шиелі ауданында да 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» жұмысын бастайды. Облыс орталығындағы «Шығармашылық академиясы», музыкалық колледждің жаңа ғимараты мамыр айында, дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының құрылысы наурыз айында аяқталмақ. Биыл «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен Арал ауданының «Жалаңаш» ауылынан 150 орындық мектеп салынады. Былтыр 3 млрд 100 млн теңгеге 8 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Мемлекет басшысының 1 300 мектепті жаңғырту тапсырмасына сәйкес алдағы 3 жыл ішінде облыстағы 51 мектеп, оның 9-ы биыл күрделі жөндеуден өтеді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<