Білімімен биікті бағындырған

957

0

Ел Президенті Қасымжомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа жолдауында: «Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік»,-деген болатын. Ендеше, келешегі кемел болатын мемлекетімізді нығайтатын жастар екендігі кәміл. Ал, жастар білімді, еңбекшіл, мақсатқойғыш болса, онда алынбайтын қамал жоқ.
Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінде де талапты жастар жетерлік. Солардың бірі Досмағанбет Дархан Рүстемұлы.

Дархан Рүстемұлы ширек ғасыр бұрын 19 сәуірде Рүстем Төлебайұлы мен Жанар Базартайқызының отбасында дүиеге келген. Ата-анасы Жалағаш аудандық әкімдіктің қызметкерлері. Қос қарындасы – Айжан мен Ақботаға, ізінен ерген інісі – Ерханға қамқор да үлгілі ағасы ретінде жауапты болып өсті. 2003-2015 жылдары Т. Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінде білім алып, оны «Алтын белгіге» тәмамдады. Еңбек пен білімді егіз деп санайтын ол ізденімпаздығын еш тоқтатпады.

Осылайша мақсатқойғыш бозбала 2015 жылы Ресей Федерациясы Санкт-Петербург өсімдік полимерлері мемлекеттік технологиялық университетінің грантын жеңіп алады. Алайда әскери маман иесі болуды армандаған балаң көңіл сол жылы Көкшетау техникалық институтына да құжаттарын тапсырған болатын. Сәтін салған деген осы шығар, конкурс қорытындысы бойынша Ресей Федерациясының Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар және табиғи апаттардың салдарын жою министрлігінің Санкт-Петербург мемлекеттік өртке қарсы қызмет университетінің грантын иеленеді.


Бұл туралы 2015 жылғы 9 қыркүйекте Ресейдің ТЖМ Санкт-Петербург мемлекеттік өртке қарсы университетінің сайтында «Визит заместителя Министра внутренних дел Республики Казахстан» мақаласында: «Қазақстан Республикасынан келген курсанттардың оқуға деген ынтасының жоғары деңгейін және олардың жақсы тәртібін атап өту қажет. Бұл ең алдымен Қазақстан ІІМ жинақтаушы органдарының жоғары іріктеу стандарттарымен түсіндіріледі – Ресей ТЖМ МӨҚ Санкт-Петербург университетіне оқуға оқуы және сипаттамалары бойынша үздік кандидаттар жіберіледі. Биыл университеттің бірінші курсына оқуға түскендер арасында мектепті алтын медальмен бітірген Дархан Досмағамбет те бар»,-деп Дарханды ерекше атап көрсеткен екен.


Осылайша Дархан Рүстемұлы оқытушыларының үмітін ақтап, аталмыш жоғарғы оқу орын қабырғасында жүріп, білімі мен тәртібі жағынан оза шауып, 2020 жылы «За вклад и развитие Санкт-Петербургского университета Государственной противопожарной службы МЧС России» медалімен марапатталады. Сол жылы аталмыш университетті қызыл дипломмен тәмамдайды.
«Аталмыш университетті бітірісімен туған елге келіп, қызмет жасаудамын»,-дейді ол әңгіме барысында. Иә, азаматтық қорғау аға лейтенанты Дархан Досмағанбет Сырдария және Жалағаш ауданы Төтенше жағдайлар бөлімдерінде аға инженер лауазымында екі жылдай абыроймен еңбек етті. Қазіргі таңда Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Кадр саясаты басқармасының аға инспекторы болып қызмет жасауда.
«Қызметтен қолым қалт еткенде кітап оқуды жаныма серік етемін. Қазақ және шет ел жазушыларының еңбектерін жата-жастана оқимын. Қазіргі күні Агата Кристидің «Десять негритят», Дэн Браунның «Происхождение» еңбегін оқудамын»,-дейді кітапқұмар Дархан Рүстемұлы.


Дарханға келе жатқан 25 жасқа толу меншікті мерекең құтты болсын. Бір басың екеу болып, елге қызмет етуде абыройға кенеле бер деген тілек арнадық. Өйткені, елімізді өркендетуге тың идеялары бар – білікті, тынбай еңбектенетін іскер жастар көп керек.

Айгүл Асылқызы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<