Бірлескен жол картасына қол қойды

710

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапарының ресми делегациясының құрамында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев болды.

Екі күндік сапардың алғашқы күнінде аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бастаған облыстық делегация Қазақстан-Өзбекстан өңіраралық бизнес форумына қатысты.

Бизнес форумға өңір атынан Байқоңыр әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Самат Ерниязов, «Абзал және К» ТС директоры Абзал Ералиев, «Дана» ЖШС директоры Мамадияр Қадырбеков, «CT Solutions» және «Frac Jet» компанияларының директоры Аслан Орынғалиев пен «Агрохимсервис» ЖШС директоры Сергей Ким барды.

Қызылорда өңірі мен Науаи облысы арасында ынтымақтастықты одан әрі дамыту, инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту, тауар айналымын ұлғайту арқылы жаңа жобаларды іске асыруда ортақ мүдде бар.

Форум аясында қызылордалық кәсіпкерлер су үнемдеу технологияларын енгізу, минералды тыңайтқыштарды сатып алу және ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын бірлескен кәсіпорын құру, күріш өсіру және әртараптандыру бағытында бірлескен жұмыстарды пысықтады.

Басқосуда қызылордалық делегация мүшелері су реттеу мәселелері және ауыл шаруашылығы бағытында өзара келісімге келді. Мұнан бөлек, «Frac Jet» компаниясының директоры Аслан Орынғалиев Өзбекстандағы ірі сауда желілеріне өнім жеткізу бағытында меморандумға қол қойды.

Жұмыс сапарының екінші күні Мемлекет басшыларының қатысуымен кеңейтілген құрамда екіжақты келіссөз жүргізілді.

Басқосуда Қазақстан Республикасының Президенті мен Өзбекстан Республикасы Президентінің алдында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Науаи облысының хокимі Нормат Тұрсунов екіжақты ынтымақтастықты дамытуды көздейтін арнайы Жол картаға қол қойды.

Аталған Жол карта екі өңір арасындағы әріптестік байланысты күшейтіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, жаңа жобаларды жүзеге асыруға жол ашады. Өңірлердің инвестициялық және туристік әлеуетін көтеретін, мал шаруашылығын дамытатын ортақ жобалар да Картада қамтылған.

Айта кетейік, Түркістан және Қызылорда облыстарымен шекаралас аймақ Өзбекстан Республикасының ірі өнеркәсіптік орталығы саналып, мемлекет экономикасында маңызды рөл атқарады. Науаи облысы өнеркәсібінің жетекші салалары тау-кен, металлургия, химия, энергетика, машина жасау, тоқыма және құрылыс материалдарын өндіруде әлеуеті мол.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<